Пекин 2022. Олимпиаданың соңғы күні кімдер жарыс жолына шығады?

2308

Спортшыларымыз бірде-бір медаль иеленген жоқ.

Пекин 2022. Олимпиаданың соңғы күні кімдер жарыс жолына шығады?

Бүгін Пекинде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан үш спортшы жарыс жолына шықты. Ерлер арасында 50 шақырым қашықтықта шаңғы жарысында классикалық стильде 34 жастағы Евгений Величко өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Евгений көшбасшыдан +7:11,1 артта қалып, 43-нәтиже көрсетті. Жарыстан кейін отандасымыз Олимпиада ойындырын қорытындылай кетті. Сонымен қатар бұл оның спорттық мансабындағы соңғы Олимпиада екенін атап өтті.

"Бүгін ауа-райы қолайсыз болды. Ұйымдастырушылар тіпті жарыс жолын қысқартты. Жел мен аяз болды. Бұл Олимпиадада ауа-райы қиындықтар туғызды. Жалпы Олимпиада аяқталды. Ертең қыздар жарыс жолына шығады. Ертең де ауа-райы бүгінгідей болады дейді. Қашықтықты қысқарта ма, жоқ па білмеймін. Бірақ, жарыс жолы қиын, ауа-райы өз әсерін тигізбей қоймады. Мұндай ауа-райын алғаш көруім. Алда Қазақстан чемпионаты бар. Ал содан кейін көре жатармыз. Мүмкін бапкерлікке барармын, бәлкім басқа бағытта жұмыс жасайтын шығармын. Әзірге нақты шешім шығармадым. Бірақ жалпы алғанда бұл менің соңғы Олимпиадам", – дейді шаңғышы.

Ал конькимен жүгіруден ерлер арасындағы масс-стартта Дмитрий Морозов сынға түсті. Ол жартылай финалда 10-нәтиже көрсетіп, финалға өте алмады. Әйелдер арасындағы масс-стартта Надежда Морозова ел намысын қорғады. Ол жартылай финалда 8-нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алды. Ол 15 спортышының арасында 14-болып мәреге келді.

Естеріңізге сала кетейік, Пекин Олимпиадасы ертең, 20 ақпанда аяқталады. Қазақстан сапынан ең үздік нәтиже көрсеткен шорт-трекші Абзал Әжғалиев болды. Ол 500 метр қашықтыққа финалдық жарыста төртінші орын алды.

Қазіргі таңда жалпы есепте 35 медальмен ( 15алтын, 8 күміс, 12 қола) Норвегия құрамасы көш бастап тұр. 22 медаль (10 алтын, 7 күміс, 5 қола) жеңіп алған Германия құрамасы екінші орынға жайғасты. Ал Қытай құрамасы (9 алтын, 4 күміс, 2 қола) бүгін 3-орынға көтерілді. Команда сапынан тоғызыншы алтынды спорттық жұптық жарыста Вэньцзин Суй мен Хан Конг әкелді. Олар қысқа бағдарлама бойынша және ұпай саны бойынша 239,88 (84,41+155,47)  балл жинап, рекорд орнатты.

Жексенбі, 20 ақпанда Олимпиада ойындарының соңғы жарыс күні өтеді. Бұл күні Қазақстан тек шаңғы жарысында өнер көрсетеді. Елорда уақытымен 14:00-де шаңғы жарысы бойынша әйелдер арасында масс-старттан еркін стильде өтетін 30 шақырымдық сайысқа Ангелина Шурыга, Ирина Быкова, Надежда Степашкиналар қатысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу