Пекин 2022. Сегізінші жарыс күнінің қорытындысы

1582

12 ақпан күні Пекинде өтіп жатқан қысқы Олимпиадада қазақстандықтар үш спорт түрінен – конькимен жүгіру, шаңғы жарысы және биатлон бойынша сынға түсті.

Пекин 2022. Сегізінші жарыс күнінің қорытындысы

Сонымен әйелдер арасында Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина және Ирина Быкова сынға түскен шаңғы эстафетасында Қазақстан құрамасы 15-орынға тұрақтады. Ал Ресей әйелдер құрамасы Германия мен Швецияны басып озып, алтынға қол жеткізді. Ресей атынан сынға түскен Вероника Степанова шаңғы жарысы тарихындағы ең жас Олимпиада чемпионы атанды.

Биатлоннан Александр Мухин мәреге 49-шы, Владислав Киреев 77-ші болып келді. Спринтте норвегиялық Йоханнес Бе алтыннан алқа тақты. Ол француз Квентин Фийон-Майле мен өзінің ағасы Тарья Беден озып кетті.

Ал 500 метрге конькимен жүгіруден Иван Аржаников 30 қатысушының ішінен 28-ші нәтиже көрсетті. Бұл жарыста қытайлық конькиші Гао Тингю алтын медаль иеленіп, Олимпиада рекордын орнатты. Екінші орынды оңтүстік кореялық Ча Мин Гю, үшінші орынды жапондық Ватару Морисигэ иеленді.

Сонымен қатар Олимпиада ойындарында тағы бір рекорд жаңарды. Мәнерлеп сырғанаудан франциялықтар Габриелла Пападакис пен Гийом Сизерон 90,83 ұпай жинады. Француздар 2019 жылдың қарашасында көрсеткен (90,03) нәтижелерінен асып түсті. Пападакис пен Сизерон – Пхенчхандағы 2018 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегерлері, төрт дүркін әлем чемпиондары, бағдарламалардың барлық түрлері бойынша және жалпы ұпайлар бойынша әлем рекордшылары.

Қазіргі таңда Пекин Олимпиадасында медальдық есепте Германия құрамасы қайта көш бастады. Сегізінші жарыс күнінде Германияның сегізінші алтын медалін скелетоншы Ханна Нейсе жеңіп алды. Ол аустралиялық Жаклин Нарракот пен голландиялық Кимберли Бостан озып кетті. 21 жастағы Нейсе үшін бұл алғашқы Олимпиада ойындары. Ол 2021 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы және 2016 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың күміс жүлдегері.

Бұған дейін сегіз алтын алған Норвегия (8 алтын, 3 күміс, 6 қола) көшбасшы еді. Бірақ қазір Норвегиямен салыстырғанда күмістің көп болуына байланысты Германия (8 алтын, 5 күміс, 1 қола) 1-орынға шықты. Үшінші орынға 5 алтын, 5 күміс, 1 қола жүлдемен АҚШ құрамасы жайғасты. Ал Қазақстан құрамасы әзірге бірде-бір медаль иеленген жоқ.

Айта кетейік, 13 ақпан күні шорт-тректен ерлер арасында 500 метрге жүгіруден ширек финал, жартылай финал және финалдық бәсекелер өтеді. 1/4 финалда бірден үш қазақстандық өнер көрсетеді. Олар – Ұлттық құраманың ту ұстаушысы Абзал Әжғалиев, сондай-ақ Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу