Пелоси – Тайванда: Бұл сапар Қытайды неге ашындырды?

2861

АҚШ-тың Өкілдер палатасының спикері Тайбэйге жетіп, демократияға "темірдей" қолдау көрсетуге уәде етті. Осындай сәтте Қытай әскері Тайвань айналасында белсенділігін күшейткенімен, шабуылға бармай, әзірге жаттығумен шектеліп отыр.

Пелоси – Тайванда: Бұл сапар Қытайды неге ашындырды?

Сейсенбіде АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайванға әуе күштерінің жолаушылар ұшағымен жетті.

Осылайша, ол өзін-өзі басқаратын аралға соңғы 25 жылда барған ең жоғары лауазымды америкалық шенеунік атанып отыр. Тайвань басшылығы Пелосиді құшақ жая қарсы алып жатқанда, Американың бұл әрекетіне ашынған Қытай кек алу үшін әскери маневрлар жариялады.

Құрама Штаттардағы үшінші ықпалды адам сапарының Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленісті күшейтуінің негізгі себебі – Қытай Тайванды өз территориясының бір бөлігі деп санайды және шетелдік үкімет өкілдерінің мұндай сапарларын аралдың егемендігін мойындау деп есептейді.

Президент Джо Байден Американың ұзақ жылдар бойы ұстанған "бір Қытай саясатында" ешқандай өзгеріс жоқ екенін айтып, Бейжіңді тыныштандыруға тырысқанымен, Тайбэймен бейресми қарым-қатынастарды және қорғаныс саласындағы байланыстарды жалғастырып жатыр.

Пелоси болса, өзінің жоғары мәртебелі сапарын АҚШ-тың автократиялық елдерге қарсы екенін және демократиялық Тайванмен бірге болу міндеттемесінің бөлігі ретінде бейнелеп отыр.

Бұл ойындағы кейбір мәселелерге шолу жасасақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей:

Пелоси Тайванға неге барды?

Пелоси ондаған жылдар бойы демократиялық қозғалыстарға қолдау көрсетуді өзінің миссиясы санады. Сол миссияға оның 1991 жылы Тяньаньмэнь алаңына жасаған сапар да кіреді. Ол кезде Пелоси 1989 жылы қан төгілген алаңда өзге заң шығарушылармен бірге демократияны қолдайтын шағын баннерді жайды. Ал, Бейжіңнің қауіпсіздік қызметкерлері америкалық саясаткердің бұл әрекетін тоқтатуға тырысты.

Пелоси биыл көктемде Украина астанасы Киевке де Конгресс делегациясын бастап барып, әлемде демократия үшін күресіп жүргенін паш етуге тырысты.

"Біз Тайванды қолдауға тиіспіз. Америка мен оның одақтастары ешқашан автократтарға берілмейтінін түсіндіру өте маңызды", – дейді ол Тайванға жеткен бойда The Washington Post газетіне сұхбат беріп.

АҚШ-тың Тайванға қатысты ұстанымы қандай?

Байден әкімшілігі мен Пелоси Америка Құрама Штаттарының "бір Қытай саясатына" адал екенін айтады.

Тайвань мен материктік Қытай 1949 жылғы азаматтық соғыс кезінде екіге бөлінді. Бірақ Қытай бұл аралды өз аумағы санап, оны басып алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармай келеді.

Қытай соңғы жылдары Тайванға қатысты дипломатиялық және әскери қысымды күшейтті. Ал 2016 жылы Тайвань президенті Цай Ин-вэн арал мен материктік Қытай  біртұтас мемлекетті құрайды, ал коммунистік Бейжің Тайванның жалғыз ғана заңды үкіметі деген мәлімдемені мақұлдаудан бас тартты. Содан кейін Қытай Тайвань билігімен барлық байланысты үзді.

Бейжің америкалықтардың Тайванмен ресми қатынастарын аралдың ондаған жылдарға жалғасқан де-факто тәуелсіздігін тұрақты етуге ұмтылысы деп санайды. Алайда АҚШ мұны жоққа шығарып келеді.

Қытай әскері шиеленісті күшейткен сапарды қалай қабылдап отыр?

Пелоси Тайванға барысымен Қытай бірқатар әскери операциялар мен жаттығуларды бастайтынын жариялады. Бұның алдында Бейжің Пелоси аралға сапар шексе, "қатаң әрі күшті шаралар" қабылдауға уәде берген еді.

Қытай Халық азаттық армиясы маневрлардың Тайвань маңындағы сулар мен аспанда өтетінін және Тайвань бұғазында ұзақ қашықтыққа оқ атылатынын ескертті.

Қытайдың ресми "Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, армия бейсенбіден жексенбіге дейін Тайванның айналасындағы алты жерде соғыс ойындарын өткізуді жоспарлап отыр.

Тайвань Қорғаныс министрлігі болса, сәрсенбі күні Қытайдың Тайванға қарай 21 ұшақ жібергенін және олардың 18-і жойғыш ұшақтар екенін хабарлады.

Құрама Штаттардың жауабы қандай?

Байден Пелосидің сапарына қатысты біршама сақтық танытқанымен, ашық қарсылық білдірмеді және бару-бармауды Пелосидің өзі шешетінін мәлімдеді.

Пелоси Азияға ұшар қарсаңда америкалық әскерилер Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы іс-әрекеттерлі күшейтті. Кейбір мәліметтерге қарағанда, USS Ronald Reagan тасымалдаушысы мен оның соққы беру тобы дүйсенбі күні Филиппин теңізінде болған.

Кейіннен Reagan мен USS Antietam крейсері және USS Higgins эсминеці Сингапурдан шығып, солтүстікті бетке ұстап, Жапониядағы орындарына қарай жылжыды.

Айта кетсек, USS Ronald Reagan тасымалдаушысы F/A-18 жойғыш ұшақтары мен тікұшақтарға, заманауи радолокациялық жүйеге және басқа да қарулар мен көптеген ұшақтарға ие.

Қарулы қақтығыс қаупі бар ма?

Қытай төрағасы Си Цзиньпин де, Байден де мұны қаламайтынын ашық айтып отыр. Өткен аптада Байденмен болған телефон әңгімесінде Си Америка президентінің сөзін қайталап, екі державаның мүмкін болатын салаларда ынтымақтасуы керектігін атап өтті.

"Дегенмен әлемдегі ең күшті армияға ие Құрама Штаттарға келгенде, Қытай ұлтшылдық риториканың хорына қарамастан, барлық майдандарда орасан зор шығын әкелетін қақтығыстардан сақ болуға тырысады", – дейді Chatham House талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Ю Ли.

Лидің ойынша, Қытай үшін өз әскері мен эконономикасын АҚШ-қа қарсы тұратын деңгейге жеткізу жолындағы ең жақсы әдіс – шыдамдылық пен уақыт екен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу