Пентагон басшысы Иранмен соғыс Трамп тұсында аяқталатынына сенімді

АҚШ Қорғаныс министрлігі Иранға жасалған шабуылға қатысты алғаш рет ресми мәлімдеме жасады. 

Пентагон басшысы Иранмен соғыс Трамп тұсында аяқталатынына сенімді Фото: Andrew Harnik/Getty Images

Пентагон басшысы Пит Хегсет АҚШ пен Израильдің соққысы Иранның көпжылдық шабуылдарына жауап болғанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Біз бұл соғысты бастаған жоқпыз, бірақ президент Трамп тұсында оны аяқтаймыз. Бұл режимді ауыстыру соғысы емес, алайда режим өзгеруі тиіс және әлем бұдан ұтады. "Америкаға өлім" және "Израильге өлім" деп ұрандатқан режим "Америкадан ажал" және "Израильден ажал" құшты, – деді Пит Хегсет.

Оның сөзінше, АҚШ-тың негізгі мақсаты – Иранның шабуылдаушы зымырандарын, зымыран өндірісін, әскери-теңіз күштерін және қауіпсіздік инфрақұрылымын жою, сонымен қатар елдің ядролық қаруға ие болуына жол бермеу.

Хегсет қақтығыстың қанша уақытқа созылатыны туралы нақтыламады. Ол Иран аумағында америкалық құрлық әскерлері жоқ екенін растаған. Десе де, болашақ әрекеттерге қатысты жан-жақты түсініктеме бермейтінін ашып айтты. 

– Біз Иран халқы бұл мүмкіндікті пайдаланады деген үміттеміз. Президент Трамп олардың уақыты келгенін айқын жеткізді, – деп ескерту жасады ол. 

Хегсет әскери қимылдар адам өліміне әкеліп соғатынын айтып, "Соғыс – тозақ, бұл әрдайым солай болады. Біз қаза тапқан төрт америкалықтың және жараланғандардың құрметіне тағзым етеміз" деді. 

Мұнан өзге АҚШ Қарулы күштері штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы Дэн Кейн Ирандағы әскери мақсаттарға жету күрделі болатынын және қосымша күш-жігерді талап ететінін жасырмады. 

Оның айтуынша, операцияның алғашқы кезеңінде Иранның басқару және бақылау инфрақұрылымына, әскери-теңіз күштеріне, баллистикалық зымыран позицияларына және барлау жүйелеріне шабуыл жасалған. Бұл қарсы тараптың әрекеттерін үйлестіру және жауап беру мүмкіндігін шектеуге бағытталған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу