Пенжімдегі төбелеске қатысты ҚХА өкілі Майя Бекбаева пікір білдірді

Алматы облысындағы Пенжім ауылында жаппай төбелес кезінде үйлер мен көліктердің терезелері сынған.

Пенжімдегі төбелеске қатысты ҚХА өкілі Майя Бекбаева пікір білдірді

Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылында болған жаппай төбелес кезінде үйлер мен көліктердің терезесі сынып, тәртіпсіздік орын алған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап. 

"27 қазан сағат 20:00-де 102 пультіне Пенжім елдімекенінде мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысушылардың бірінің үйінің маңында 30-ға жуық адам жиналғаны туралы ақпарат түсті. Бір топ адам бірқатар жеке үйлердің, сондай-ақ бірнеше көліктің терезелерін сындырды", – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің (ПБ) баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі (Бір топ адамдар жасаған бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

"Сонымен қатар сағат 22:45-те Панфилов облыстық полиция басқармасының кезекші бөліміне Пенжім ауылында орналасқан үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт орнына аудандық ішкі істер және төтенше жағдайлар департаментінің кезекші отрядтары жетті.  Үй иесінің айтуынша, өртке пеш жүйесінің ақауы себеп болған. Өрт 23:30 шамасында сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Бұл өрт болған оқиғаға қатысы жоқ. Ауылда қоғамдық тәртіп қамтамасыз етілген, жағдай бақылауда", – деп жазылған полиция таратқан хабарламада. 

Алматы облысындағы жағдайға қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми өкілі Майя Бекбаева да пікір білдірді. 

Оның айтуынша, Пенжім ауылындағы мектепте екі жоғары сынып оқушылары арасында жанжал шығып, төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде балалардың бірі зардап шекті, оған қажетті көмек көрсетілді. Қазір ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

"Кешкі уақытта ауылда жергілікті тұрғындар жиналып, мектеп аумағындағы төбелеске қатысты наразылықтарын білдірді. Сонымен бірге кейбір жасөспірімдер мен жастар эмоцияға беріліп, арандатушылардың ықпалымен жеке үйлер мен көліктердің терезелерін сындырған. Ауыл тұрғындары арасында ұлтаралық қақтығыстар былай тұрсын, ешқандай қақтығыстар болмағанын және ешқашан болмайтынын ерекше атап өткім келеді. Жергілікті тұрғындар – қазақтар да, ұйғырлар да ұзақ жылдар бойы бірге тұрады, олар дос және көрші, барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды", – деді ҚХА ресми өкілі.

Еске сала кетсек, 28 қазанға қараған түні Алматы облысының Пенжім ауылында жаппай төбелес болғаны белгілі болды.  Полицияның ресми нұсқасы бойынша, 27 қазанда Панфилов ауданының орталық ауруханасына 16 жастағы жасөспірім 
дене жарақатымен түскен. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу