Перизат Қайраттың ісі біраз жайтты әшкереледі

6175

Сарапшылардың айтуынша, тек ірі бизнестің өзі су тасқынына қайырымдылыққа 200 миллиард теңге жинап берген.

Перизат Қайраттың ісі біраз жайтты әшкереледі Фото: inbusiness.kz

Бұған дейін Inbusiness.kz "Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың биылғы су тасқынынан зардап шеккендерге арналып, елден жылу ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден көп ақшаны жымқырды деген күдікке ілінгенін жазды.

Қазіргі кезде Перизат Қайрат тұтқындалды. Қаржылық мониторинг агенттігі оған қатысты тергеу жүргізуде.

"Оған көктемгі су басудан зардап шеккен азаматтарға көмек үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты ұрлады деген күдік келтірілді. Қайырымдылық қаржының негізгі бөлігін Перизат Қ. сән-салтанат заттары мен жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсаған", – деп хабарлады құзырлы орган.

Агенттіктің дерегінше, топан су қаптап, ел әбігерге түскен көктемде ол елордадағы автосалондардан премиум-сыныптағы бірнеше автомобильді сатып алған. Атап айтқанда, 88 миллион теңгеге – Mercedes-Benz S450 көлігін, 80 миллион теңгеге – Lexus LX-600 және 39 миллион теңгеге – Haval машинасын сатып алған.

"Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат мұнымен шектелмей, Астанадағы ең мәртебелі тұрғын үй кешендерінде, соның ішінде Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" кешендерінде элиталы жылжымайтын мүлік (автотұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ Vela Village қалашығында коттедж сатып алып, 600 миллион теңге шығындаған.

Бұған қоса, ҚМА-ның мәліметінше, Перизат Қайрат зардап шеккен елге жанашырлық танытып, қалтасындағысын отбасының аузынан жырып, жиып берген қазақстандықтардың қаражаты есебінен Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбулдағы бірнеше рет демалды, "St. Regis", "Shangri-La", "Palazzo Versace" және "Kempinski" сияқты бес жұлдызды қымбат қонақ үйлерде тоқтады деген күдік бар.

Жай ғана тынықпай, бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің әшекеулерін және басқа зергерлік бұйымдарын, сөмкелерін, қымбат аксессуарларын сатып алған. Фешенебельді мейрамханаларда ғана түстенген. VIP яхталарды жалдап, теңізде серуен құрған.

"Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ол жақын туыстары мен достарын тартқан. Олар 8%-дық сыйақыға қорға түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған", – деп нақтылады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Осылайша, агенттіктің дерегінше, П.Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне дақ түсіруі, волонтерліктің ашықтық пен адалдық принциптеріне шәк келтіруі, халықтың азаматтық қоғам институттарына деген сеніміне салмақты нұқсан келтіруі мүмкін.

"Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының сайтындағы ақпаратқа жүгінсек, олар бірден 6 өңірде – Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Абай, Ақмола және Ұлытау облыстарында қарғын судан жапа шеккендерге жылу, көмек жинауды ұйымдастырған екен.

Бұл қор мемлекеттің қолдауымен, жалпыұлттық волонтерлік қозғалыс есебінде 2021 жылғы 3 маусымда қайта тіркелген болатын. Қозғалыстың қатарында 15 мыңдай ерікті болған.

Қордың Instagram парақшасында айтылғандай, Президенттің тапсырмасымен және қор жұмысының мөлдірлігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы 27 наурыздан бері оған түскен барлық қаражаттар Қаржы министрлігінің және Ұлттық банктің бақылауына алынған.

Алайда Қазақстанда топан судың ең ауыр кезеңі биылғы сәуірге тұспа-тұс келгенін ескерсек, қайырымдылық қаражаттары негізінен жұмсалып кетсе керек.

Осы орайда әлеуметтік желіде пікір білдірген бірқатар адам Перизат Қайраттың бұған дейін де ауқатты әйел болғанына назар аудартады. Елорданың Есілдің сол жағалауындағы орталығында орналасқан "премиалды гүл сату дүкендері желісінің" қожайыны екенін Перизаттың өзі хабарлаған. Сондай-ақ өзінің мәліметінше, отбасылық ЖШС араб елдеріне ет жеткізумен айналысады.

Бірақ оның премиум автокөліктерді, сәнді, салтанатты пәтерлерді бір мезгілде иеленуі, шетелде қымбат қонақүйлерде түнеп, қымбат сатып алулар жасауы құзырлы органның күдігін туғызғанға ұқсайды.

Пікір білдіруші қазақстандықтардың айтуынша, бәлкім, бір жылда бір пәтер алғанда, немесе бес-он жыл салып солай жасағанда, құтылып кететін бе еді. Мысалы, бір ғана Akbulak Riviera тұрғын үй кешенінде бір пәтердің құны биыл 220 миллион теңгеден басталады.

Ал астаналық Vela Village коттедждер қалашығының қызыл кірпіштен соғылған, бетон плиталармен бекітілген, дизайнерлік интерьерлік жөндеуі жасалған, жиһазымен, тұрмыстық техникасымен толық жабдықталған, 4 жатын бөлмесі, 2 қонақ күту алаңы, үш дәретханасы, үш балконы, камин орнатылған террасасы мен холдары бар екі деңгейлі коттеджі 350 миллион теңге тұрады.

Бұл оқиға ел арасында резонанс туғызды. Түңілген жан қисапсыз. Қазақстандықтар ақымақтық, аңғалдық жасамай, бәрін айламен, астыртын жүзеге асырып, ізін жасырып үлгерген алаяқтар болуы мүмкін екенін еске салып, құзырлы органдардан оларды да табуды өтінді.

Өйткені сарапшылардың есебінше, тек ірі кәсіпкерлердің өзі биыл қызыл судан зардап шеккен оншақты өңірге шамамен 200 миллиард теңге аударған. Оның әрбір тиынының қалай жұмсалғаны туралы толық есеп жоқ. Үйлердің салынып, табысталғаны туралы жаңалықтармен шектелді.

Өз кезегінде Қаржылық мониторинг агенттігі биылғы жыл басында әлеуметтік желілер арқылы қайырымдылыққа қаржы жинаудың үштен бір бөлігі алаяқтық болып шыққанын ескерткен еді. Соның ішінде 138 банк картасы күдікті жылу жинауға тартылған. 660 мыңнан астам қазақстандық жалған көмекке ақшасын беріп, алданғанын білмеген.

Олардан жиналған ақша өзге мақсаттарға жұмсалып кетіпті. Тек биылғы жылдың бірінші тоқсанында жиналған 6 миллиард теңге қайырымдылық қаржының 33%-ы немесе 2 миллиарды алаяқтарға жем болды. Ол қаражат түрлі көліктерді, елдегі және шетелдегі жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға бағытталған. Букмекерлік кеңселерде бәс ретінде тігілген.  

Осыған байланысты Үкімет, қаржылық реттеуші және банктер краудфандинг қызметін реттеу шараларын заң жүзінде бекітетін арнайы заң қабылдауды қарастырып жатыр.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат – елде кейінгі жылдары мемлекеттің қолдауымен күш алған волонтерлік қозғалыстың белгілі белсендісі, қоғам қайраткері.

Instagram парақшасында өзі айтқандай, Перизат Ақтөбенің тумасы, Ақтауда мектеп бітірген. 2015 жылы  Астанаға көшіп келді. University of Nottingham британдық университетін Business management мамандығы бойынша бітірді.

Ел Президенті 2020 жылды "Волонтерлер жылы" деп жариялағаны мәлім. Осыған байланысты ел Үкіметі еріктілер қозғалысын дамытудың Жол картасын әзірледі, бюджеттен мол қаржы бөлді.

Тренд толқынын жүгендеп үлгерген Перизат 2020 жылғы мамырда атақты қоғамдық қордың негізін қалады. Қор халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына көмек көрсетті. Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырды. Содан бері елді жайлаған түрлі төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге қолдау көрсетті.

Statsnet контрагенттерді тексеру сервисінің дерегінше, П.Қайрат құрған қоғамдық бірлестіктің ресми атауы "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" деп аталады. Ол Астананың Есілдің оң жағалауындағы ескі орталығында, Алматы ауданында тіркелген. Қызметкерлерінің саны 10-ға да жетпейді. "Төлеген салығы" деген орында "0" деген сан тұр.

Ерікті ретінде бұл қыз сондай-ақ Израильдің агрессиясына ұшыраған Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге қатысқан көрінеді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында ол өңірге гуманитарлық көмек жолдағанын мәлім етті.

Салық органдарының дерегінше, Перизат Қайрат кәсіпкер ретінде 2018 жылғы ақпанда тіркеліпті. 2019 жылғы тамызда Перизат салмақты көлік апатына душар болды. Салдарынан, кейін өзі еске алғандай, естен танып, комада жатқан, ұзақ емделген. Оның айтуынша, бұл оның өміріндегі бетбұрыс кезеңге айналды. Сондықтан әдемі бойжеткен көп кешікпей, волонтерлік қызметпен айналыса бастайды. Осылайша, бұл қозғалыстың беткеұстар тұлғаларының біріне айналды.

"Волонтерлік менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Күшті, қайырымды болуға, жақсылыққа ұмтылуға үйретті. Бұқарамен тығыз жұмыс істей жүріп, мемлекетке деген көзқарасым жұмсарып, ізгі жаққа өзгерді. Сондай-ақ қайырымдылық қызмет арқасында көп-көп дос таптым, өмірлік тәжірибе жинақтадым", – деген оның сөзін QazVolunteer.kz қоры келтіреді.

"Волонтерлар жылы" Қазақстанда COVID-19 пандемиясымен тұспа-тұс келді. 2020 жылғы наурыздан бастап, елде жаппай төтенше жағдай жарияланды, кейін қатаң карантин енгізілді. Құзырлы органдар жұртшылықтың сыртқа шығуын шектеп, үйде отыруға шақырды. Бұл еріктілерге деген сұраныс күрт артқан қым-қуыт, қауырт шақ еді. 2020 жылы Перизат еріктілер тобына қосылып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік жинақтарын жеткізуге көмектесті.  

Келесі жылғы мамырда Перизат Қайрат "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қайырымдылық қорын құрды. Алғашқы күннен бері оны өзі басқарып келді.

Биылғы жылғы су тасқыны кезіндегі белсенділігі ескеріліп, 2024 жылғы қазанда Перизат Қайрат Қазақстанның пара үстел теннисі Федерациясының президенті болып тағайындалды.

Федерациядағылар оның көшбасшылық қасиеттерін атап өтті. Федерация президенті болып тағайындалуына волонтерлік қызметтегі тәжірибесі және қоғамдық жұмысқа берілгендігі негіз болыпты.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Перизат Қайрат бүкіл ғұмыры мен уақытын жалғыз қайырымдылық істерге арнамаған, оның басқа да қызығушылықтары көп. Бос уақытында кітап оқып, ән айтады. 10 жылдан бері қазақ тілінде өлең шығарып жүрген "ақын" көрінеді. Бұл дарыны туралы өзі Instagram парақшасында жариялады.

Перизат Қайраттың кінәлі-кінәсіздігін тек сот анықтайды. Бірақ осындай жаңалықтардан кейін қазақстандықтардың қайырымдылық істен бойын аулақ сала бастауы мүмкіндігі алаңдатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу