Петропавлдың жылу қазандығы қаза ошағына айналып кетпей ме?

2421

Егер дәл қазір Үкімет шара қабылдамаса, Қызылжар қаласы алдағы жылдары, бейбіт күнде жылусыз және жарықсыз қалуы мүмкін. Бұл ретте таяудағы апатқа қатысты жаңа деректер белгілі болды. 

Петропавлдың жылу қазандығы қаза ошағына айналып кетпей ме?

Ресми мәлімет бойынша бүгінде Петропавлдың №2 жылу-электр орталығының (ЖЭО-2) негізгі жабдықтары 60%-ға, қазандықтарының жекелеген агрегаттары – 73%-ға, ал турбиналары – 82%-ға тозған. Қазандықтары зордың күшімен жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Мамандар биылғы жылыту маусымы біте салысымен, станцияның жаңа нысандарының құрылысын бастау қажет, ал ескісін реконструкциялау керек дейді. Егер бұл жұмыстар тез арада қолға алынбаса, 2025 жылға қарай жылу-электр орталығы қаланы жылумен, қуатпен қамтамасыз етуден қалады. Бұл жөнінде облыс әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. 

Шектен тыс жүктеме түскен ЖЭО-2-нің қуаты жетпей, тапшылық туындағандықтан, биылдан құрылыс компаниялары шаһарда жаңадан салынған үйлерді инженерлік желіге қосуға рұқсат ала алмауы мүмкін.  

Оның  үстіне таяуда болған апаттың салдарларын жою және ЖЭО-2 ең болмаса қолданыстағы нысандарға келесі жылыту маусымында үздіксіз жылу бере алуы үшін шамамен 18 миллиард теңге қажет болады.  

"Шамалап алғанда, 15 сәуірге қарай бірінші мұржаны бұзу, демонтаждау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Содан кейін зерттеп-тексеру жүргізіледі және жаңа түтін мұржасына қатысты жоба әзірленеді. Құрылыстың болжамды мерзімі – 2023 жылдың соңы", – деді Солтүстік Қазақстан облысының Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ күрделі жөндеуге, уақытша газарналарды, қазандық агрегаттарын салуға қаражат ізделмек. Қолданыстағы қазандық агрегаттарын 2-ші және 3-ші мұржаларға қайта қосу жоспарлануда.

ЖЭО-2-нің қожайыны – "Севказэнерго" АҚ-ы "Орталық Азия энергетикалық корпорациясы" АҚ компаниялар тобына кіреді. Оған инвестиция көзін табу міндеті қойылып отыр. Компания не төл қаражатын салуы, немесе қарыз алуы қажет. Таба алмаса, қаланың жағдайы қиындайды. Бұл ретте декарбонизация саясаты аясында халықаралық қаржы институттарының енді "жасыл" энергетикаға жатпайтын, ауаны көмірқышқыл газымен көп ластайтын мұндай жобаларға заем беруден бас тартатыны да мәселені күрделендіреді.

Еске сала кетсек, таяуда осы нысанда апат болып, адам көз жұмды. 2022 жылғы 20 наурыз күні, кешкі сағат 19:20-да облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Петропавл қаласындағы "Севказэнерго" АҚ-ның ЖЭО-2-сінде, қазандық цехының ғимаратында 1-ші түтін мұржасының жоғарғы бөлігі күйреп, құлағаны туралы ақпарат түседі. Нысанда жалпы саны 3 мұржа бар.

Кезекші ауысым қызметкерлерін түгендеу нәтижесінде қазандық цехының жабдықтарын аралаушы-машинистің – 1984 жылы туған әйелдің жоқтығы анықталды. ТЖД қызметкерлері дереу оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстарын бастаған. Артынша оларға Нұр-Сұлтан қаласының Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары да келіп қосылған. Кинологиялық қызмет, іздеуші иттер тартылып, 1 тәуліктен астам уақыт бойы белсенді іздестіру жұмыстары жүргізілді.

Мамандардың айтуынша, үйіндіні аршуға төбеден салбырап, төніп тұрған, деформацияланған темір-бетон плиталар мен металды конструкция кедергі келтірген. Жартылай бұзылған алып түтін мұржасының ары қарай қирауы және бөлшектерінің одан әрі құлауы қаупі сақталған. Құтқарушылар ауыр инженерлік техниканы пайдалану мүмкін болмағанын алға тартады. Сондықтан күректерді, гидравликалық құралдарды пайдалана отырып, қирандыларды қолмен аршыған.

Салдарынан, арада бір жарым күн өткенде, 22 наурыздағы таңғы 10 жарымда ғана құрылыс конструкциялары үйінділерінің астынан әйелдің жансыз денесі табылды. Мәйіт үйінділердің астынан шығарылды, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін арнайы органдарға тапсырылды.

Ақпарат құралдарына жария етілген осы деректерден басқа жайттар анықталуда. Оны "Болашақ" түлегі, Alltech америкалық компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Әзіз Смағұлов әңгімелеп берді. Оның 60 жасқа толғалы тұрған әкесі – Ержан Қоңырбаев ғұмырын энергетика саласына арнаған маман, "Қазақстанның құрметті энергетигі" екен.

"Әкем қазандық ауысымы басшысынан Өскемен ЖЭО-сын басқаратын "АЕS УК ТЭЦ" АҚ-ының атқарушы директоры лауазымына дейінгі мансап сатысынан өткен адам. Былтырғы 6 мамырда Петропавл ЖЭО-2 директоры лауазымына қабылданды. Бұл ЖЭО-2 1961 жылы іске қосылған. Биылғы 20 наурызда, кешкі жетіде ЖЭО-2-де апат болды. Бірінші түтін мұржасының жоғарғы бөлігі, шамамен 50-60 метрі ішінара күйреген. Соның кесірінен қазандық цехының жабдықтарын аралаушы-машинист әйел мерт болды. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын", – дейді Ә. Смағұлов.

Оның айтуынша, ертесіне, 21 наурызда түнгі сағат 23:04-те тәртіп сақшылары келіп, оның әкесін алып кетіпті. Кейін белгілі болғандай, Е. Қоңырбаевқа Қылмыстық кодекстің "Мiндеттерiне адал қарамау" деп аталатын 254-бабы бойынша қылмыс жасады деген күдік тағылды. Бұл бап 5 жылға дейiн бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

23 наурызда Петропавл қаласының Мамандандырылған соты Ержан Қоңырбаевты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасына санкция берген.

"Жасы егде тартқан адамға осынша қатаң шара белгілегенде, сот негізгі себеп ретінде екі жайтты атап көрсетті. Біріншіден, әкем тұрғылықты орнын ауыстырып, жасырынуы, қылмыстық қудалау органының шақыруына келуден бас тартуы мүмкін. Екіншіден, күдікті сот өндірісіне кедергі келтіреді. Мұнысы енді дұрыс емес, әкем өзінің тұрғылықты орнын ешқашан жасырған емес. Оның Нұр-Сұлтанда меншігіндегі баспанасы бар. Петропавлға жұмыс берушінің шақыруымен барғандықтан, онда меншігінде үйі жоқ, пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Әрине, бұған дейін ол екі жалдамалы пәтерді ауыстырды. Ал бір ай бұрын жұмыс берушінің қызметтік пәтері босаған соң соған көшіп алды. Апат болғанда, күні бойы, түні бойы жұмыста болды. Барлық құтқарушы қызметтерге, жоғарғы басшылыққа, құқық қорғау органдарына көмектесті", – дейді күдіктінің ұлы.

Тергеушілер ЖЭО-2-нің басқа қызметкерлерімен қоса, Е. Қоңырбаевтан да сол оқиға орнында алғаш рет жауап алған екен.  

"Тұтқындалатын күні әкемнің және анамның қасында болдым. Қызметтік пәтерде бірге кешкі ас іштік. Тамақтан кейін әкем ұйықтауға кетті. Өйткені оның алдында бір тәулік бойы көз ілмей жұмыс істеген. Шамалы уақыттан соң құзырлы орган өкілдері келіп, есік қақты, түнгі он бірде әкемді ұстап алып кетті", – дейді ұлы.

Ол аварияға әкесінің кінәсінің барына сенбейді. Оның мәліметінше, "Севказэнерго" АҚ ЖЭО-2 ұжымы Қоңырбаевты қамаудан шығарып, бас бостандығын шектеуден басқа бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш жазған.

Әйтпесе, өндірістегі апаттар ерекшелігіне қарай аса күрделі саналады, өте көп сараптамаларды, зерттеулерді талап етуі мүмкін. Апатқа іс басындағы немесе бұрынғы басшылардың салғырттығы немесе мұржаға соңғы рет жөндеу жүргізген мердігердің сапасыз жұмысы, болмаса, табиғи немесе басқа да сыртқы факторлар ықпал етуі ықтимал. Демек тергеу ұзаса, күдікті де темір торда торығып ұзақ отырмақ.

Қайғылы оқиғаның себеп-салдарларын және соған жол берген адамдардың айыбының қаншалықты ауырлығын енді тергеу орындары, прокуратура және сот анықтайды. Құзырлы органдарды осы бағытта көп жұмыс күтіп тұрғаны сөзсіз. Тергеу жарты жылдан тоғыз айға дейін созылуы мүмкін деген болжам айтылды.

Әзірге директор Е. Қоңырбаевтың шетелде ешқандай активінің жоқтығы, Қазақстанда – елордадағы пәтері және жеке автокөлігі ғана бары анықталып отыр. Бұрын сотталмаған, істі болмаған. Ұлының айтуынша, босап шықса, Петропавл ЖЭО-2 кәсіпорнында әрі қарай жұмыс істеуден бас тартпақ.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы орталығындағы тозығы жеткен жылу-электр орталығына басшы болуға бұдан былай басқа энергетиктердің жүрегі дауаламауы ғажап емес. Себебі онда апаттың қайталанбасына кепіл жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу