"Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек"

Бұл үшін Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қоюы мүмкін. 

"Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Pfizer вакцинасын қолжетімді етуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Айналымға өзіміз дайындаған QazVac препаратымен бірге бірнеше вакцина түсті. Елдердің көбінде мұндай мүмкіндік әлі жоқ. Бірақ қолжетімді вакциналардың жиынтығын, соның ішінде халықаралық деңгейде мойындалған вакциналарды кеңейту қажет. Бұл жерде жаңа штамдардың пайда болғанын, сондай-ақ, препараттардың баға және сапалық өлшемдерін ескеру қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл туралы былтыр тапсырма бергенін еске салып, сол оның орындалуын кешіктірген тұлғаларға шара қолдануды тапсырды. 

"Былтыр мен тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Дегенмен Pfizer вакцинасын белгіленген компанияларға жеткізу орта жолдан үзілді. Анықтама ретінде мынаны айта аламын: келісім бойынша Қазақстанға биыл мамыр айында Pfizer-дің 2 млн дозасы жетуі керек болған. Үкімет препаратты жеткізудің үзілуін Pfizer компаниясының шарттарымен байланыстырып отыр. Бірақ бұл шарттар вакцина сатып алатын бүкіл елдер үшін стандартты болып есептеледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осы тұста Мемлекет басшысы бұл істі аяғына дейін жеткізу үшін арнайы Жарлыққа қол қоюға дайын екенін атады. 

"Жуырда бүкіл әрекеттер алгортимі көрсетілген тағы бір жаңа ұсыныс келіп түсті. Президент тиісті Жарлыққа қол қоюы керек деп отыр. Қажет болса, мен солай істеуге дайынмын. Үкімет пен Президент әкімшілігіне қалыптасқан жағдайды анықтап, аталмыш қажетті препараттың жеткізілуін кешіктірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын. Біз азаматтарға қатысты ұсыныстарымызды әртараптандыруымыз керек. Бәлкім кейбір азаматтар дәл осы вакцинаны қабылдағысы келетін шығар. Сондықтан мұндай азаматтарға мүмкіндік беріңіздер. Проблеманы қысқа мерзімде шешіп, Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек", – деді мемлекет басшысы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу