Жол салу дегенде, әдетте, жерді қырып-күреп, гудрон жағып, ыстық асфальт төгіп, оны жолаунақ-катокпен тапап жатқан жұмысшылар елестейді. Дегенмен, Көлік министрлігі Қазақстанда биыл алғаш рет жол құрылысы саласында PhD докторлар дайындала бастайтынын жариялады. Осы орайда таяуда "Көлік құрылысы" бағыты бойынша PhD дәрежесін алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындауға арналған конкурстың қорытындылары жарияланды.
"Жол саласының болашақ ғалымдары алғаш рет мемлекеттік білім беру гранттары есебінен, тегін дайындалмақ. Байқау қорытындысы бойынша 10 адам осы бағытта докторантураға түсті. Естеріңізге сала кетейік, бұрын жүргізілген талдауға сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанның жол саласына 1,5 мыңға жуық дипломды маман жетіспейді", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Осының алдында, 2023 жылы Көлік құрылысы саласында өз бетінше қорғаған алғашқы екі PhD доктор пайда болды. Көлік министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің және "ҚазжолҒЗИ" АҚ-ының бірлескен жұмысының нәтижесінде автожол саласындағы кадр тапшылығының жүйелі мәселелерінің бірін шешу үшін биыл "Көлік құрылысы" бағыты бойынша болашақ PhD докторларын оқытуға 10 грант бөлініпті.
KIMEP University Құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Сергей Саяпин әрбір ғылымның философия докторы (Philosophiæ Doctor немесе PhD) атағының нені білдіретінін сарапшылар да жете ұғына бермейтінін айтады. Мысалы, Алматыдағы мәртебелі конференциялардың бірінде "PhD докторы дәрежесінің маңызы жөнінен тіпті ғылым кандидаты дәрежесінен де төмен екендігі" туралы ой-пікір айтылған.
"Өкінішке қарай, бұл – кең таралған жаңылыс пікір. Қазақстандық және посткеңестік кеңістіктегі ғылыми қоғамдастықта PhD ғылыми атағына шекеден қарайтын көзқарас мені қымсынтады. Ең жақсы дегенде, пи-эйч-ди дәрежесін ғылым докторы мен кандидаты ортасындағы, әлдебір аралық бір мәртебе санайды. Жаман дегенде, ғылым кандидатынан төменсітеді. Бір принципті жайтты түсініп алған жөн: PhD дәрежесі – нағыз докторлық ғылыми дәреже! Тиісінше, оған да лайықты көзқарас болуы шарт. Біздегі сияқты ғылыми дәрежелердің үшсатылы (бакалавриат – магистратура – докторантура) жүйесі әрекет ететін мемлекеттерде PhD немесе SJD, Dr.iur сияқтылар – ең жоғарғы ғылыми дәреже, terminal degrees болып табылады", – деді Саяпин.
Сол себепті, шетелде мұндай атақты қорғаудан үміткерлерге де биік әрі қатаң талаптар қойылады. Мысалы, Йель университетінің ұқсас ғылыми дәрежесін алудан үміткерлер "салаға, айталық, заң ғылымына қайталанбайтын бірегей, салмақты үлес қосатын диссертацияны қорғап шығуға тиіс". Бұл ретте диссертацияны кітап түрінде де, сондай-ақ беделді, рейтингтік ғылыми журналдардағы 3 ғылыми мақала түрінде де рәсімдеуге болады.
Алайда Қазақстандағы пи-эйч-ди докторларына кемсітушілік-жаратпаушылық көзқарасқа белгілі бір жайт себеп болуы мүмкін. Қазақстандық ғалымдардың диссертациясы отандық не әлемдік ғылымға жаңалық болып, сүбелі үлес қосып жатқаны шамалы. Кейбір болашақ докторлар онысын қоластындағы кіші қызметкерлерге, магистранттарға жазғызады, немесе интернетте, әлеужеліде тапсырыс бергізіп, дайын күйде сатып алады.
Заң ғылымдарының докторы Сергей Саяпин бұл саладағы тағы бір кемшілікке назар аудартты.
"Қазақстандық жетекші заңгерлік университеттің диссертациялық кеңесіне қатысқан тәжірибем көрсеткендей, PhD дәрежесін алуға жалпы көлемі небары 120–180 бет болатын диссертациялар жіберіле салады. Олардың қарпінің көлемі ірілендіріліп, құбылып тұрады, мәтіні қолдан, жасанды ұлғайтылады. Сондықтан Қазақстанда қорғалатын диссертациялардың сапасына да, көлеміне де талапты күшейткен жөн. Сонда ғана олар үздік халықаралық тәжірибелерге сай келеді. Оксфорд университетінде құқық бойынша философия докторы (DPhil) атағы докторантурада 3-тен 4 жылға дейін оқыған, 75–100 мың сөзден тұратын диссертациясын өзі жазып, жария қорғап шыққан тұлғаларға ғана беріледі", – деді профессор.
Оның айтуынша, қаріптің көлемі 11 немесе 12, ал, жоларалық интервалы "одинарный" болса, онда 1 бетке орташа есеппен 450 сөз сияды. Сәйкесінше, диссертациялардың көлемі 165–220 беттен кем болмауға тиісті. Мысалы, Саяпиннің Гумбольдт атындағы Берлин университетінде қорғаған докторлық диссертациясы 334 беттен тұрыпты.
Депутаттар болса, керісінше, докторлық қорғау талаптарын одан ары жұмсарта түсу керек деп, осы идеяны ілгерілетіп жүр. Сенатор, заң ғылымдарының кандидаты Қайрат Тастекеев PhD докторлық диссертациясын қорғау үшін халықаралық рецензияланатын ғылыми басылымдарда ғылыми жарияланымдар жариялау туралы ағымдағы талапты жөн санамайды.
"Менің ойымша, бұл мәселе елдің ғылыми әлеуетін сақтап, дамыту үшін шешуші мәнге ие. Соңғы жылдардағы деректерді талдау көрсеткендей, докторанттардың үлкен бөлігі Scopus халықаралық дерекқорында жариялануда қиындыққа жолыққан. Салдарынан, диссертациясын қорғай алмай, тастап кетуге мәжбүр болды. Атап айтқанда, 2011 жылдан 2022 жыл аралығында PhD докторантурасында 10 276 адам оқыған. Соның ішінен 4 497 адам немесе 44%-ы ғана диссертациясын қорғап шыққан. Бұл – өте-мөте төмен көрсеткіш. Олардың көбі халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда мақала жариялай алмағандықтан қорғай алмады", – дейді Қайрат Құлбайұлы.
Оның айтуынша, аталған саннан 9 616 адам мемлекеттік бюджет есебінен оқыған, бұл – 93,5%-ы. Салдарынан, олардың көбін оқытуға жұмсалған ел қаржысы желге ұшты, нәтиже әкелмеді.
Сенатор мемлекеттің осы талабын орындау үшін 2018–2023 жылдары Elsevier және Clarivate Analytics халықаралық дерекқорларының қызметтерінің ақысына мемлекеттік бюджеттен 5,2 миллиард теңге шығындалғанын айтады. Соған қарамастан, тиімділік жоқ: егер 2018 жылы Scopus дерекқорындағы қазақстандық ғалымдардың жаһандық ауқымдағы үлесі 0,001297% болса, 2022 жылы – бар-жоғы 0,001466% болыпты. Елеулі прогресс байқалмайды. Нөлдің маңайында. Тастекеевтің байламынша, мұндай қарқынмен ең құрығанда 1% көрсеткішіне жету үшін жүздеген жыл қажет болады.
Сондықтан биыл Сенат Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады: оған сәйкес, депутаттар қолданыстағы PhD докторлық диссертацияларының сапасын бағалау критерийлерін қайта қарап, халықаралық дерекқорларда жариялану талаптарын, шектеуді жоюды сұрады. Оның орнына докторлық мақалаларды қазақстандық ғылыми журналдарда жариялауды қабылдап, сол арқылы отандық басылымдарды дамытуды ынталандыруды ұсынды.
Жалпы, бұл мәселені бұрынғы Парламенттің депутаттары да депутаттық сауалдарында талай көтерген болатын. Мысалы, Мәжілістің экс-депутаты Шаймардан Нұрымов елде 2010 жылдан бері енгізілген еуропалық үлгідегі PhD-диссертациялар қорғау қалыбы Қазақстанға жарай бермейді деп есептейді.
"Ойлап қарайықшы: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, ұлт этнологиясы, қазақ журналистикасы, түркітану, тағы басқа спецификалық тақырыптар бойынша жазылған ғылыми PhD-диссертациялардың сапасын анықтау үшін Scopus, Thomson Reuters базасына кіретін журналдарға ғылыми мақала шығаруды міндеттеу қаншалықты орынды? Ол журналдар басшылығының қазақы, таза ұлттық сипаттағы ғылыми ізденістерге қызықпайтыны, ондай мақалаларды жариялауға құлықты болмайтыны бір басқа, олардың бұл тақырыптардағы мақалаларды бағалауға біліксіз екендігі басы ашық ақиқат. Өйткені, шетелдік ғалымдардың қазақтың әдебиетін, тіл өнерін, мәдениетін, тарихын, этнологиясын, басқа да салаларды жеткілікті дәрежеде білуі өте қиын", – деді Ш.Нұрымов.
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова Білім және ғылым министрінің сонау 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрығымен бекітілген "Дәрежелерді беру қағидаларына" кейінгі кезде маңызды өзгерістер енгізілгенін қаперге салды. Соның арқасында бұл қағидаларда диссертацияларды қорғау үшін шетелде мақала жариялауға балама нұсқалар қарастырылды. Қазақы тақырыптарда отандық журналдарда 5 мақала және елдегі конференциялардың бірінде 2 баяндама жасаса, диссертация қорғауға сол да жетеді.
"Докторанттарға өздерінің ғылыми қызметінің нәтижелерін шетелдік сенімді баспалардың монографияларында, немесе отандық ғылыми журналдарда 5 мақала және қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, философияға байланысты дайындық бағыттары бойынша халықаралық ғылыми конференцияларда 2 баяндама түрінде жариялауға мүмкіндік берілді. Бұдан басқа, JCR деректеріне сәйкес импакт-фактор бойынша бірінші квартильге кіретін және CiteScore бойынша кемінде 75 процентилі бар журналда 1 мақала болса да жеткілікті: басқа жарияланымдар талап етілмейді. Оған қоса, докторанттардың пәнаралық бағыттағы журналдарда мақалалар жариялау мүмкіндіктерін кеңейту көзделген", – деді вице-премьер.
Осы себепті, Тамара Дүйсенованың байламынша, аталған қағидалардың докторанттардың диссертациялық жұмыстарының сапасын бағалау критерийлері докторанттарды ғылыми белсенділік танытуға, диссертациялық жұмысын сапалы орындауға ынталандырады. Ендеше "қағидаларды қайта қарау талап етілмейді".