PhD студенттеріне қойылатын талаптар азайтылмақ

13199

Импакт-факторлы басылымдарға мақала жариялау міндеті қайта қарастырылуда.  

PhD студенттеріне қойылатын талаптар азайтылмақ

PhD докторлық диссертациясын қорғау үшін "Scopus" тәрізді мәліметтер базасына енетін шетелдік импакт-факторлы басылымдарға мақала жариялау міндетті екенін көпшілік біледі. Осы талапты орындауда докторанттар қиыншылықтарға кезігіп, шығынға ұшырап жататыны шындық. Мақаласын шығару кезінде алаяқтарға алданып қалатыны өз алдына бөлек әңгіме. Әсіресе зерттейтін ғылыми тақырыбы қазақ тілі мен қазақ тарихына қатысты болса, әртүрлі себептерге байланысты шетелдік импакт-факторлы басылымдар жариялаудан бас тартады немесе жариялау мерзімі тым ұзаққа созылып кетеді. Осы орайда ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білім саласында кейбір өзгерістер орын алатындығын журналистермен болған кездесуде тілге тиек етті.

"PhD студенттері үшін біз екі жаңалық енгізейік деп отырмыз. Біріншіден, докторанттар диссертацияларын қорғаудың алдында міндетті түрде халықаралық базадан антиплагиаттан өтетін болады.  Докторанттар қазір тек Қазақстан базасы бойынша антиплагиаттан өтуде. Енді диссертация қорғайтын PhD студенттерді халықаралық деңгейде плагиатқа тексеру туралы талап қойылады", – деп министр докторанттардың жауапкершілігі артатынын айтты.

Сондай-ақ, докторанттарды қуантатын жаңалық та жоқ емес.

"Екіншіден, PhD студенттерге мысалы, гуманитарлық ғылымдар, қазақ тілі, Қазақстан тарихы саласында мақала жариялау бойынша біраз өзгеріс дайындадық. Бұл өзгерістер докторанттарға қойылатын талаптарды азайтуға бағытталған. Шын мәнінде, гуманитарлық білім беру бағыттары бойынша жазған мақалаларын жариялауда біраз қиындық туындауда. Сол себепті көптеген адам диссертацияларын қорғай алмауда. Біз қазір осыған қатысты мәселелерді талқылап жатырмыз. Жылдың соңына дейін тиісті шешім қабылдап, заңнамаға енгіземіз. Нақты шешім қабылданған кезде толығырақ ақпарат береміз", – деді Асхат Аймағамбетов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу