ПИК емес, Үй басқарушысы

ТКШ қатысты заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді әрбір тұрғын үйдің жеке банк шоты талап етіледі.

ПИК емес, Үй басқарушысы

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында бірқатар заңдарға енетін өзгерістер талқыланды. Бізді қызықтырғаны Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына енген өзгерістер.

Көп қабатты үйлердің тұрғындарына таныс "Пәтер иелері кооперативі" деген ұғым бар. Сол ПИК-терге ақша төлегенімен нәтижесін көріп жатқан жұрт шамалы. Жаңа нормалар бойынша бір ПИК ендігі уақытта баяғынша 3-4 үйді қанатының астына ала алмайды екен. 3-4 үйіңіз не, 10-15 үйді "қарап" отырғандары да қаншама екен.

Жаңа нормада "ПИК" ұғымы алынып тасталған. Енді әрбір үйдің өз "Үй басқарушысы" болмақ. Әр үйдің жеке есеп-шоты, жеке "управы" болады. Сонда тұрғындар ай сайынғы төлемдерінің айдалаға кетіп жатпағанын, нақты қанша қаражаттың қайда жұмсалатынын біліп отыратын болмақ. Мәселен сол көп қабатты тұрғын үйдің басқарушысы шоттағы ақшаны қандай мақсатқа жұмсайтындығын тұрғындардың дауысы арқылы шешеді. Бұл жерде де әділ жүйе бар. Бұрындары дауыс шаршы метрге байланысты берілсе, бұл жолы "бір пәтер, бір дауыс" жүйесі бойынша жұмыс жасалынбақ.

Осы жерде "Ал, сол үй басқарушыларын қалай сайлаймыз?" деген заңды сұрақ туындайды. Оны тұрғындар өзара ақылдаса келе шешеді. Тағы бір айта кетерлігі, сайланған адам жәй ғана жауапкершілікті әрі қарай алып кете алмасы анық. Оны жергілікті әкімдіктер тарапынан қысқа мерзімді оқу курсынан өткізіп, қолына сертификат табыстайды. Себебі, бұл менеджерлік қадамдарды талап ететін жұмыс болмақ.

Бастапқыда бұл өзгерістер мен жұмыстар заң шыққаннан бастап 6 ай ішінде жүзеге асуы керек болатын. Заңды талқылаған жұмыс тобы берілген уақытты ұзартып, 1 жыл мерзімді бекіткен.

Айсұлтан Мұхамедияұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу