Пирамида менеджерлері мен кассирлері джип мініп, бостандықта жүр

1704

Қызметкерлердің бума-бума ақшаны сөмкелеріне тығып жатқаны бейнекамераларға түсіп қалған. 

Пирамида менеджерлері мен кассирлері джип мініп, бостандықта жүр

Атақты әртістер мен әншілер, танымал блогерлер және басқа да "жұлдыздар" жаппай жарнамалап, мыңдаған адамды алдаған, мыңдаған жанның обалына қалған "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "Эстет Ломбард" қаржы пирамидаларына қатысты дау елді дүрліктіріп барып басылды, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Қаржысынан, дүние-мүлкінен айырылып, банктерге берешек болып, аңырап қалған қазақстандықтар қайтадан биліктің құлағын шулата бастады. Олар Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа және өңірлердегі прокурорлар мен ішкі істер департаменттерінің бастықтарына шағым жазды. Арызданушыларға өздерін алдауға атсалысқан пирамида қызметкерлерінің қымбат көлік айдап, еркіндікте тайраңдап жүргені ұнамайды.

Жалпы, ломбард компанияларына қатысты қаптаған алаяқтық фактілері бойынша Қазақстанның 14 қаласында қылмыстық істер қозғалған.

Тағы бір мәселе бас көтеріп отыр. Салымшыларды қорғау жөніндегі қоғамдық комитетке 71 адам шағым айтып жүгінген. Олардың айтуынша, соңғы күндерде, былтырғы 19, 20 және 21 ақпанда ломбардтар адамдардан ақша жинауды жалғастырған, алайда келісім бойынша пайыздық үстеме есептемеген. Нәтижесінде, тек осы үш күн ішінде бір облыстың өзінде кем дегенде 90,1 млн теңгені қолдарына түсіріпті.

"Ақтау, Жаңаөзен және бүкіл Маңғыстау облысының тұрғындарын "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "Эстет Ломбардтың" өңірлік директорлары, менеджерлері және кассирлері "компания жұмыс істеп жатыр" деп жаңылыс ақпарат беріп, алдау жолымен олардың ақшаларын қалталарына басқан. Түскен ақшаны олар өзара бөлісіп алды. Ақпанның үш күнінде келген барлық салымшы өңірлік директорлардың, менеджерлер мен кассирлердің қылмысына куәгер болып табылады. Жедел тергеу тобында офистердегі бақылау камераларының видеотүсірілімдері бар. Одан салымшылардың ақшасын компания қызметкерлерінің сөмкелеріне тығып жатқанын байқауға болады", – дейді Маңғыстау облысы бойынша зардап шеккен салымшылардың бастамашыл тобы.  

Олар тергеу материалдарымен әлі күнге таныса алмай отырғанына қапаланады. Жедел тергеу тобы тергеу амалдарын аяқтапты және істі сотқа беруге әзірленуде. Мұны естіген салымшылардың тағат-төзімі таусылды. Оларды бірнеше сауал мазалайды.

Біріншіден, бастамашыл топ алаяқ ломбардтардың кеңселерінен тәркіленген компьютерлердегі базаға сәйкес, алданған азаматтардың жалпы саны қанша екенін білгісі келеді. Ақпарат құралдарына әртүрлі ақпарат беріліп жатыр.

Екіншіден, әрбір өңір бойынша әр компания барлық салымшыға жалпы сомасы қанша залал келтірілгені де анық емес. Сол бойы шамалап қана айтып жүр. Мұны базаларда тіркелген заем келісімдерін толыққанды талдау арқылы нақтылауға болады.

Үшіншіден, бастамашыл топ "рефералды бонустар" бойынша егжей-тегжейлі ақпарат алғысы келеді. Аталған ЖШС-лар қаптаған қызметкерлеріне, "шақырушы-зазывалаларға", әнші-әртістерге, блогерлерге және басқа да тұлғаларға бонус төлеп келген. Олардың да тізімі компьютерлерге түсіріліп отырған деген пікір бар. Төртіншіден, кейбір салымшының салымы өзіне емес, бөгде біреулердің атына жазылған жағдайлар да кездеседі екен.

Бесіншіден, салымшыларға қанша автокөлік берілгенін, оларға қатысты сату-сатып алу, сыйға беру, тіркеу құжаттарын көтеріп, бүкіл Қазақстан бойынша мамандандырылған ХҚКО-ларға сұрау жасау қажет көрінеді. Әйтпесе, ол "темір тұлпарларды" ломбард қызметкерлері бірнеше рет қайта сатып, қолдан қолға өткізіп, заңдастырып алған.

Алтыншыдан, бастамашыл топ тергеу органдары мен соттың нақты қанша көлікті, пәтерді, жеке үйді, коттеджді, жер телімдерін бұғаттағанынан бейхабар. Бұл маңызды, себебі, сол дүние-мүлікті саудалаудан түскен қаражаттан салымшылардың жинағы қайтарылмақ.

Бұл ретте осы ломбардтарды жарнамалаумен айналысқан әнші-әртістер, блогерлер, спортшылар сол үшін алған сыйақы, төлем, бонустарын кері қайтарса, ізгі іс болар еді.

Жетіншіден, салымшылар қаржы пирамидаларына тек ақшаларын ғана емес, сондай-ақ баспаналарын, жер телімдерін және басқа да құнды мүліктерін беріпті. Алаяқтардың соның қаншасын сатып жібергенін, қаншасын сатып үлгермегенін анықтаған жөн.

Сегізіншіден, бастамашыл топ бақылау камераларының бейнежазбаларын (көшірмесін) алып, танысып шығуды қалайды. Тоғызыншыдан, қаржы пирамидалары елден жиған ондаған миллиард қаражатты тасу үшін инкассаторлар жалдаған. "Тергеушілер инкассаторларды тергеді ме екен?" деген сауал туады. Өйткені қаржылардың қайда тасылғанын солар біледі. 

"Неге салымшылардың ақшасын іздеу шаралары қабылданбауда? Инсассацияланған ақшалар сол бойы табылмаған. Ақшаны инкассаторлардан қабылдап алу-тапсыру рәсімі қалай жүрген? Олардың қаражатты табыстағанын растайтын құжаттар қайда? Ол ақша қайда тығылған, қандай елдің банктеріне, инвесткомпанияларына, брокерлік есепшоттарына салынған? Бәлкім, криптовалютада жатқан болар. Неге бұл компаниялардың көптеген қызметкері, яғни қылмыстық топтың мүшелері қылмыстық қудалаудан босатылған? Бұл қатарға өңірлік директорлар, салым, көлік және жылжымайтын мүлік бойынша менеджерлер, олардың көмекшілері, заңгерлер, кассирлер, бухгалтерлер кіреді. Біздің қолымызда олардың аты-жөні, тізімі бар", – деді бастамашыл топ.

Жәбірленушілер қылмыстық іс аясында осылардың мүлкін де бұғаттап, тәркілеуді сұрайды. Әйтпесе, олар дүние-мүлкін сатып, өзгенің атына толық көшіріп үлгеруі мүмкін.

"Сұрақтар өте көп. Негізгі ұйымдастырушылар, ірі басшылар ұсталған жоқ, 20 миллиард теңгеден астам қаржы табылған жоқ. Олар Қазақстанның, ТМД-ның не шетелдің банктерінде жатыр. Азаматтарды алдауға белсенді араласқан адамдардың мүлкі тәркіленбеген күйі қалды. Мұндай жағдайда жедел тергеу іс-шараларына нүкте қоюға әлі ерте. Ломбардтар қызметкерлері астына басқан мүлік пен қаражатты ешкім іздеп жатқан жоқ. Себебі, басқасын айтпағанның өзінде, барлық кассирлер жалған адам, туыс-туған атына тіркеп, бірнеше қымбат көліктен мінді. Олардың қылы да қисайған жоқ, қазір өзге дүкендерде кассир болып жұмыс істеуде. Кілең салтанатты шетелдік көліктерді айдап жүр", – деп күрсінеді зардап шеккендер.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, аталған ломбардтық компанияларға қатысты сотқа дейінгі тергеу 2020 жылдың соңында, 13 қарашада аяқталған.

"Бүгінде (2021 жылғы сәуір айының соңындағы жағдай бойынша) процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Сотқа дейінгі өндірістің аяқталғаны жөнінде қатысушыларға бірнеше рет хабарланды. Сотқа дейінгі тергеу барысында зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу үшін күдіктілердің қылмыстық жолмен тапқан мүліктері анықталып, бұғатталды. Ары қарай қайта сатылмауы үшін жәбірленушілер тапсырған автомашиналарға және пәтерлерге де тұтқын қойылды. Қазіргі уақытта процесс қатысушыларының қылмыстық іс материалдарымен танысуы Ақтөбе қаласында, Ақтөбе облысының полиция департаменті ғимаратында жалғасуда", – деді ІІМ басшысы.

Демек, материалдармен танысқысы келетін зардап шеккендер де осы мекенжай бойынша жүгіне алады. Қылмыстық-процестік кодекстің 295, 296-баптарына сәйкес, жәбірленуші кез келген мәліметті кез келген көлемде көшіріп алуға, құжаттардың көшірмелерін ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқылы.

Ал басқа тұлғалардың осы қылмысты жасауға қатыстылығын тексеру мақсатында тиісті қылмыстық істер жеке өндірістерге бөліп шығарылыпты. Оларды өңірлік полиция бөлімшелері қарайтын болады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу