Плэй-оффқа кімдер шығады?

1256

Әлем чемпионатының 2-тур ойындары өтіп жатыр. Осы қазірдің өзінде плэй-оффқа шыққан құраманың есімі белгілі. 

Плэй-оффқа кімдер шығады?

Франция құрамасы Данияны 2:1 жеңіп, плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Осылайша олар келесі кезеңге шығып қойған алғашқы команда атанды. Ал "А" тобында жағдай әлі шиеленісіп тұр. Нидерланды, Эквадор және Сенегал командаларының мүмкіндігі бар. Жарыс қожайыны Қатар құрамасы үшінші турда жай ғана көрермен үшін ойнайды. Себебі, 0 ұпаймен жарысты одан әрі қарай жағастыра алмасы белгілі. Соңғы матчта Нидерланды құрамасын жеңген күннің өзінде турнирлік кестеде жоғары көтеріле алмайды. Эквадор мен Сенегал құрамаларының арасындағы ойында плэй-офф кезеңіне жолдама алған команданың есімі белгілі болады. Нидерланды командасы Қатармен тең ойнаған жағдайда да плэй-оффқа жолдама алады. Сондықтан "қызғалдақтар құрамасы" плэй-оффқа жолдама алады дей берсек те жарасады.

"В" тобындағы Англияны да келесі кезеңге шығарып қойғандар бар. Иә расымен де, 4 ұпаймен көш бастап тұрған бұл команда Уэльске ірі есеппен жеңілмесе болғаны. Тең нәтиженің өзі де жеткілікті. Бұл топта соңғы турда Иран мен АҚШ кездеседі. Осы бір матчта екінші команданың есімі белгілі болуы тиіс. Уэльс Англияны 5 доп айырмасымен жеңеді дегенге сену қиын. Сондықтан да, ағылшындар плэй-оффта тұр дей берсек болады.

"С" тобында 4 ұпай жинап бірінші орында тұрған Польшаның келесі кезеңге өтуі әлі де неғайбыл. Соңғы турда поляктар Аргентинамен кездеседі. Азулы Аргентинада 3 ұпай. Оларға да жеңіс қажет. Топтағы тағы бір матч Сауд Арабия – Мексика ойыны да тартысқа толы болады. Себебі, бұл екеуінің де плэй-оффтан дәмесі зор. Қатты шиеленісіп тұрған топта дәл қазір нақты бірдеңе деп айту қиын. Тек Польша құрамасына бұл матчта тең нәтиже жеткілікті. 5 ұпаймен олар кем дегенде 2 орын алып, келесі кезеңге өте алады. Демек, соңғы турда Польша қорғанысқа жатып, Аргентинаға гол салдыртпауға тырысады.

"D" тобында Франция келесі кезеңге өтіп қойған. Екінші команда кім болады? Ол Аустралия – Дания ойынында белгілі болады. Данияға жеңіс керек, ал аустралиялықтар тең ойнаса да жетіп қалады. Оның үстіне Тунис құрамасы Францияны жеңбеуі тиіс.

"Е" тобында барлық команданың нәтижелері бірдей болуы мүмкін. Ол үшін Германия Испанияны жеңуі тиіс. Ал дәл қазір бұл топ тұралы сараптама жасау ертерек. Ал қалған топтардың әлі екінші тур ойындары өтіп болған жоқ. Сол матчтардан кейін бір мәнісі болады. Десе де, Португалия, Бразилия құрамаларының өзгелерге қарағанда мүмкіндіктері мол.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу