Победа шыңында қалған альпинистер көмек сұрайды

Алматылық Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев есімді екі альпинист Тянь-Шань тауының баурайында қар көшкінінің астында қалып қойды.

Победа шыңында қалған альпинистер көмек сұрайды

Бұл туралы олардың жақындары әлеуметтік желіде БАҚ өкілдерінен көмек сұрап хабар таратты.

Қазір белгілі ақпараттарға сүйенсек, үш альпинист Победа шыңын бағындыруға аттанған. 6600 метр биіктікке шыққан олар ауа райының құбылуына байланысты жақын маңдағы базалық лагерьге түсу мүмкіндігінен айрылып, жолда қалып қойған. Бұл ретте, үшінші альпинист Александр Чечулин өкпесінің ісінуінен қайтыс болды деген ақпарат бар.

"Табиғаттың тосын мінезі альпинистер тобына жақын маңдағы лагерге жетуге мүмкіндік бермеді. Қазір тірі қалғандардың байланысқа шығуға мүмкіндігі жоқ. Қырғызстанның ТЖМ өкілдері Ми – 8 тікұшағымен  таудың 6600 метр биіктігін қарап шыққан. Олар табиғи қолайсыздықтарға байланысты жоғалғандарды іздеу жұмыстарын тоқтатпақ", – дейді Мұрат Өтепбаевтың қызы Айгүл өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ  Айгүл таң атысымен Алматыдағы Бұрындай әуежайынан тауда қалған альпинистерді іздеуге аттанатындығын да хабарлаған.

"Мұндай табиғи жағдайда жаяу іздеу әрі құтқару жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар. Әдеттегі тікұшақтар бұған шыдай қоймас. Достар, қазақстандықтар, көмектесулеріңізді сұраймын. Біз олардың тірі екендіктері сенеміз. Әкемнің жолдастары, оларға үйге аман-есен оралуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Тауға шығуға құқығы бар алтыншы дәрежелі альпинистер керек. Өздеріңізбен паспорт немесе жеке куәліктеріңізді алып келсеңіздер. Бұл – маршрут қиын. Бірақ үмітіміз сөнген жоқ. Сондай-ақ Қырғызстанның ең тәжірибелі альпинистеріне үндеу жолдаймын", – деп бөлісті альпинист Мұрат Өтепбаевтың қызы Фейсбук парақшасында.  Сонымен қатар өзінің байланыс нөмірін қалдырды: 8 707 615 60 42.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу