Елімізде пойызға билет қымбаттайтын болды. Көлік министрлігінің келісімі бойынша теміржол жолаушылар тасымалының тарифтері 20%-ға көтеріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдау бағасын, яғни, тарифтерді көтеру ҚР "Темір жол көлігі туралы" заңның 12-бабына сәйкес жүзеге асырылуда екен. Елімізде 140 жолаушы бағдары жұмыс істейтін болса, осы ретте, жол жүру ақысының қымбаттауы 62-і бағдарға әсер етпек. Бірақ, кондиционер жүйесі жоқ вагондарда 20%-ға дейін жеңілдіктің болатынын ескерген де жөн.
Осы арада көпшіліктің көкейінде туындайтын бір сұрақ бар – ол пойызға билет неге қымбаттап отыр?
– Жол ақысын көтеру туралы шешім макроэкономикалық жағдайға байланысты. Инфляция қарқыны, оның ішінде жолаушыларды тасымалдау құнын құрайтын тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі субсидиялар мен тарифтердің өсу қарқынынан айтарлықтай асып түсіп отыр. Сонымен қатар, вагон паркін жаңарту қажет, көрсетілетін қызметтер сервисін жақсартып, қызметкерлердің жалақысын арттыру керек. Оның үстіне, соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша инфляция деңгейіне индексацияны қоспағанда, жолаушыларды тасымалдау бағасының өсуі байқалмағанын ескеру қажет, – дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілі Нариман Дүйсекеев.
Жолаушылар вагон паркіне келсек, қазір еліміз бойынша қатынап жүрген 2667 вагонның шынында 44%-ның әбден тозығы жеткен. Сондықтан жеке тасымалдаушылардың да, ұлттық тасымалдаушының да вагон паркін жаңарту күн тәртібіндегі басты мәселеге айналып отыр. Және де бұл бағытта серпілістің бар екенін айту керек. Мәселен, нақты деректерге сүйенсек, 2023 жылы 118 вагон, ал 2024 жылы 140 жолаушылар вагоны сатып алынған. Алдағы 2025 жылдан бастап жыл сайын 200 бірліктен астам вагон сатып алу жоспарға енгізілген. Демек, 2030 жылға қарай сатып алу деңгейі 1,2 мыңнан астам вагонды құрамақ.
Сонымен, жаңа тарифтер қашан күшіне енеді дейтін болсақ, жаңа тарифтер, пойыздың жөнелтілетін күнінен 45 күн бұрын билет сатып алуды қоса алғанда, 2024 жылдың 1 қазанында күшіне енеді.Осылайша, Талгоға билет сатып алуды жоспарлаған жолаушылар үшін баға 19 493 теңгені құрайды. Стандартты пойыздарда купе құны 19 653 теңгені құраса, резервтік орын 12 871 теңге болады. Ал, қала маңындағы пойыздарға билет құны 6 314 теңгені құрамақ.