Пол елордалық клубта 2019 жылдан бастап Атқарушы директор лауазымында жұмыс істеді. Соңғы айда бас бапкер міндетін атқарды. Осы уақыт аралығында команда екі рет Қазақстан Суперкубогында жеңіске жетіп, Чемпионатта топ жарып, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Онда Манчестер Юнайтед ұжымынан басым түскен болатын. "Астана" футбол клубы Эшуорт мырзаға атқарған жұмысы мен астаналық клубтың табысына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Қазіргі уақытта жаңа бас бапкерді шақыру бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде.
Бас бапкердің міндетін атқарған Эшуорт - "Питерборо" (Англия), "Вентспилс", "Рига", "Сконто" (барлығы -Латвия), "Ростов" (Ресей), "Саншайнз" (Нигерия) клубтарында бапкерлік қызметте болған тәжірибесі мол маман. Эшуорттың "PRO" санатындағы бапкерлік категориясы бар. Оның басшылығында командалар УЕФА турнирлері аясында 30-ға жуық ойын өткізген.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін елордалық клубты Михал Билек жаттықтырған. 55-жасар Билек "Астанаға" бапкерлік қызметке қаңтар айында украиналық Роман Григорчуктың орнына келген болатын. Сондай-ақ чехиялық маман Қазақстан Ұлттық құрамасын да жаттықтырады. Оның жетекшілігімен Ұлттық құрама Еуро-2020 додасына іріктеу ойындарында өз тобында 5-орын иеленсе, "Астана" Қазақстан Суперкубогін жеңіп алды. Дегенмен ол клуб басшылығы қойған тапсырманы орындай алмады деп қызметінен кеткен еді. Бірақ футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының жаттықтырушысы қызметінде қалды. Енді "Астана" футбол клубы бапкер іздестіру үстінде.
Ермұхамед Мәулен