Қала халқы мен маңайдағы ауыл тұрғындарын жаппай эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта Шымкент қаласынан автобус пен маршруттар тартылған.
Сонымен қатар, еріктілер де өз көліктерімен келіп адам тасуға қол ұшын созуда.
Қала аумағында отбасы, туыстары қалған азаматтар ашуға бой беріп, жолдағы қозғалысты реттеп, шектеп тұрған полицейлермен жаға ұстасып қалуға дейін барып жатыр.
Жалпы полицейлер қалаға кірер жолдарды жапқан. Бірнеше жерден көлік қозғалысын шектеу бекеттерін орнатыпты.Соңғы жарылыс шамамен сағат 15:30-да орын алды
Тұрғындардың айтуынша жалпы таңнан бері оннан астам жарылыс болған.
Арыста орын алған апаттан 23 адам әртүрлі дене жарақаттарымен Түркістан облысына қарасты ауруханаларға жеткізілді. Олардың басым бөлігі Облыстық клиникалық ауруханада жатыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Арыстағы төтенше жағдайға орай Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылды. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және облыстық клиникалық ауруханасында 200 - ден астам науқасқа арналған орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көліктерін Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойылды. Тағы да қажет болған жағдайда бірнеше аудандардан алдырылған қосымша жедел жәрдем көліктері дайын. Облыстық клиникалық ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлер құрылған медициналық штабқа жиналды.
Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханасынан да науқастар эвакуацияланған.
Бұған дейін ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов Арыстағы әскери бөлім қоймасындағы қару-жарақтар әлі жарылып жатыр, өрт сөндірушілер сөндіру жұмыстарына кірісе алмай отыр деген болатын.
Еске салар болсақ, бүгін таңертең Арыстағы әскери бөлім аумағында жарылыс болды.
Арай Есенбек