Полиция күзетпен айналыспайтын болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5582

Күзет қызметі басқа мемлекеттік органға немесе бәсекелестік ортаға берілмек.

Полиция күзетпен айналыспайтын болады Фото: ortcom.kz

Биыл ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформаға сәйкес, бірқатар өзгеріс орын алады. Ол үшін арнайы жол картасы әзірлеген. Құжат негізгі 9 бағыттан тұрады.

Сонымен қандай өзгерістер болмақ?

Біріншіден, ішкі істер органдарының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымдары оңтайландырылады. Яғни, басы артық басқарушылық бөлімдер таратылып, штат саны 10 пайызға қысқарады. 450 басшылық қызмет алынып тасталады деп күтілуде.

"Екіншіден, қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі, олардың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Аталған мақсатқа қызметкерлерді қысқарту есебінен үнемделетін 16 млрд теңге мен тағы қосымша қаржы тартылмақ. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы 65 пайызға, жедел-іздестіру қызметі өкілдерінің жалақысы 55 пайызға, учаскелік инспекторлардың жалақысы 25 пайызға, ішкі істер органдарындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өседі. Баспана мәселесін шешу үшін өтемақы төленетін қызметтердің аясын кеңейту ұсынылуда", – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, ведомствалық білім беру жүйесі жаңғыртылмақ. Кадрларды іріктеу және дайындауды жетілдіруге басымдық берілуде. Бұл ретте ішкі істер органдарының кадрларын даярлайтын 12 білім ордасының тек 5-еуі ғана жұмысын жалғастыратын болады.

"Қаңтар айының соңында 1200 қызметкер оқуға алынады. Олар үш айлық дайындықтан өтеді. Жаңа форматтағы полиция қызметкерлерін таңдауда жоғары заңгерлік білімі бар азаматтарға басымдық беріледі", – деп толықтырды Жанат Сүлейменов.

Бұдан бөлек, ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатпайтын қызметтер алынып тасталады. Мәселен, нысандарды күзету қызметі басқа мемлекеттік органға немесе бәсекелестік ортаға берілмек. Бұл еліміздегі полиция қызметкерлерінің санын айтарлықтай қысқартады.

"748 нысанды күзету қызметі басқа органға беріледі. Осылайша, 4,5 мыңға жуық адам қысқарады. Бұдан үнемделген қаржы 5,5 млрд теңгені құрамақ", – дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Полиция мен тұрғындар арасындағы жұмысты жаңа, сапалы деңгейге көтеру де – реформаның негізгі бағыты.

"Бұл жұмыс әлдеқашан басталып кетті. Көптеген аудандық, қалалық полиция бөлімдерінде тұрғындарды қабылдайтын фронт-офистер жұмысын бастады. Мұнда келген халыққа кезекші бөлімнің қызметкерлері емес, кеңесшілер қызмет көрсететін болады. Бұл жұмыс қаржыны талап етеді. 2019 жылдың бірінші тоқсанында бұған қатысты негізгі жұмыстар аяқталады деген сенімдеміз", – дейді Жанат Сүлейменов.

Ішкі істер министрі бірінші орынбасарының сөзінше, тұрғындар полицияға құқық бұзушылықтарға қатысты ғана емес, басқа да тұрмыстық мәселелермен жүгінетінін тәжірибе көрсетіп отыр.

"Полиция қызметіне жүгінетіндердің жартысына жуығы тұрмыстық мәселемен келеді. Ал оларды қарастыруға кезекші бөлім қызметкерлерінің уақыты жеткіліксіз. Жұмыс жүктемесінің көптігінен тиісті жауап берілмейді. Нақты кеңес те айтылмайды. Сол себепті полицияға жүгінетін адамдардың көрсетілетін қызметке көңілі толмайды. Фронт-офистердің ашылуымен бұл мәселе түбегейлі шешіледі деген ойдамын. Сондай-ақ аталған қадам халықтың полицияға деген сенімін арттырады", – дейді Жанат Сүлейменов.  

Сонымен қатар, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында полиция қызметкерлері кезектен тыс аттестациядан өтеді. Аттестация бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл процесс қаңтар айының соңында басталмақ.  

Ішкі істер органдарындағы реформа қылмыстық-атқару жүйесін, төтенше жағдайлар қызметін де қамтитын болады.      

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу