2018 жылы Алматы облысында ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,4 миллиард теңге бюджет қаржысы бөлініп, 102 қызметтік автокөлік, 300 көліктегі бейнетіркеу камерасы, 400 компьютер, 208 планшет сатып алынды. Мұнан бөлек ауылдарда тұрғын үймен біріктірілген 162 учаскелік полиция бекеті ашылған. Ал облыстың аудан орталықтары мен қаларында қосымша 968 бейнебақылау қондырғысы орнатылыпты.
Бірақ, облыс әкімдігі тарапынан қажетті қолдаудың болғандығына қарамастан тәртіп сақшыларының жұмысына сын көп айтылуда. Өңірде қылмыс көбейіп тұр. Өткен жылдың соңындағы дерек бойынша өңірдегі қылмыс статистикасы 7,8 пайызға өсіп, 27 000 тәртіпбұзушылық тіркеліпті.
"Біз бюджет қаржысы есебінен жол-патруль полициясының барлық қызметкерлері автокөліктегі бейнетіркеу құрылғысы мен бейнежетондармен қамтамасыз еттік. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін облыс аумағында 968 бейнебақылау камерасын іске қостық. Тағы да 515 бейнекамера қоймақпыз. Алайда, полиция қызметінің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды", – дейді тәртіп сақшыларының жұмысын сынға алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Аймақтағы қылмысқа қатысты арыз-шағым негізінен үй тонау, қалта ұрлығы, мал барымталауға қатысты айтылуда. Жыл басынан бері аймақта 54 мал ұрлығына қатысты оқиға орын алыпты. Бұл тәртіп сақшылары жедел әрекетінен кейін анықталған дерек. Тіпті, із кесушілер бір күн ішінде 9 мал ұрлығына қатысты қылмысты ашқан.
"Полиция жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Сақшылар жедел әрекет етуде. Кейде тұрғындар қылмыстың мерзімін өткізіп алып шағымданады. Әсіресе, мал ұрлығына қатысты уақыт оздырмай полицияға хабар берген дұрыс. Сонда нәтиже де жылдам болады. Жақында Іле ауданы Қараой ауылының тұрғыны қорасындағы 13 бас жылқының қолды болғанын айтып, ішкі істер бөліміне шағымданды. Із кесушілер жедел қимылдап, күдіктіні тапты. Ол 47 жастағы сол ауылдың тұрғыны болып шықты", – дейді облыстық полицияның өкілі, полиция майоры Көбейхан Нұрахмет.
Жалпы, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы да адамдарды қылмысқа итермелеуде. Жақында осы мал ұрлығына қатысты ұсталған екі студент қылмысқа оқу ақысын төлеуге қаражаты жетпегендіктен барғандығын мойындаған болатын.
Сондай-ақ, жыл басынан бері жеке үйлерді тонау фактісі жиілеп кеткен. Тіпті, жақында Алматы маңында үй тонаумен айналысқан кәнігі ұрылар тобы ұсталды. Арнайы операция барысында Еңбекшіқазақ ауданы аумағында ұзақ жылдан бері әрекет еткен қылмыстық топ анықталып, топты басқарған рецидивист-ұры тұтқындалды.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы.