Полиэтилен пакеттің тегін таратылуы тоқтатылады

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
19638

2018 жылдан бастап елімізде полиэтилен пакет заң жүзінде ақылы болады.

Полиэтилен пакеттің тегін таратылуы тоқтатылады

Ірі сауда орталықтарынан азық-түлік пен тұрмысқа қажетті зат сатып алған тұтынушылардың кассаның алдында бұлқан-талқан болып жатқанын талай  көрдік. Олардың барлығы зат салатын полиэтилен пакеттің тегін берілмейтіне наразы болып жататын.

Астанадағы "Астықжан" сауда желісінің кассир қыздары: "бізге тегін беруге рұқсат жоқ" деп ақталса, "Магнумның" қызметкерлері сауда жасаған адамдарға қалағандарын сұратпай-ақ, үйіп-төгіп бере салатын.

Жасыратыны жоқ, тегін пакет алған адамдар ат басындай алтынға ие болғандай бір жырғап қалатын. Мұндайлардың қатарында өзімізде болатынбыз.

Әу баста азық-түлік тасуға пайдаланылған полиэтилен пакеттер үйге келген соң қоқыс салуға һәм төгуге қолданылатын. Аталмыш зат жарты ғасыр шірімей, ыдырамай, жата беретіндіктен, экологиялық ортаға зиян тигізетін. Мұнысымен қоймай, жел ұйытқып соққан күндері Астананың аспанында қалықтап жүретін.

Келесі жылдан бастап елімізде полиэтилен пакет заң жүзінде ақылы болады. Бұл туралы инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің блогына жазды.

Министрдің мәлімдеуінше, оған Саржан Саят есімді азамат хабарласып, әлемнің көптеген елдерінде полиэтилен пакеттер мен пластикалық ыдыстың қолданысына шектеу қойылғанын немесе тыйым салынғанын алға тартқан.

Ол Кенияда полиэтилен пакет қолдану заң арқылы шектелгенін, ал Ұлыбританияда мұндай пакеттерді ет сатушылар ғана қолдана алатынын айтқан. Ойын қорытындылаған азамат Жеңіс Қасымбекке Қазақстанда да неге осылай жасамасқа? – деп сұрақ қойған.

Мәселенің мән-жайын тәптіштеген министр Қазақстан нарығында 50-ден астам компания полимерлік қаптама жасайтынын, олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент қалаларында орналасқанын жеткізді.

"Энергетика министрлігі халықаралық тәжірибені зерделенгеннен кейін елімізде полиэтилен пакеттің қолданысына шектеу қою мен тыйым салуды кезең-кезеңмен атқару туралы бастама көтерді. Бірінші кезеңде - полиэтилен пакеттердің тегін таратылуына тыйым салу, екінші кезеңде полиэтилен пакеттердің өндірісін тоқтату жүзеге асырылады. Бұл бастама жергілікті басқару органдарының, "Kaz Waste" қалдықтарды басқару қауымдастығының және "Атамекен" КҰП-тың қарауына жіберілді", – деді инвестиция және даму министрі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жергілікті басқару органдары бастаманы бірауыздан қолдаған. "KazWaste" қалдықтарды басқару қауымдастығы  полиэтилен пакеттердің тегін таратылуына тыйым салып, оның сатылуын құп көретіндерін жеткізген. Алайда қауымдастық өкілдері полиэтилен пакеттердің өндірісін тоқтату бастамасына қарсы болған.

Мұндағылардың пікірінше, полиэтилен пакеттер гигиеналық тазалықты қамтамасыз етеді, ал оның өндірісімен айналысатын компаниялар жүздеген адамдарға жұмыс береді.

"Энергетика министрлігі бұл бастаманы 0,015 миллиметрлік пакеттерден басқа барлық пакеттерге қолдануды ұсынып отыр. Қазір жұмыссыздардың қатарын көбейтпес үшін балама ретінде қағаздан жасалған пакет шығару идеясы ұсынылуда. Бұған қоса қағаз пакет шығару өндірісін жолға қойған кәсіпкерлердің өндірістік шығынын субсидиялау қарастырылуда", – деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, жыл сайын әлемде триллиондаған полиэтилен пакет өндіріледі. Бір пакет орта есеппен әдетте тек 30 минут қана пайдаланылады да, қоқысқа тасталады.

Осыдан 3 жыл бұрын "Қазақстан 2050" жалпыұлттық қозғалысының белсенділері алаулатып-жалаулатып, қағаз пакетттерге көшу немесе ұзақ қолданылатын сөмке ұстау бастамасын көтерді. Акция деңгейінде ұйымдастырылған шараның ғұмыры ұзақ болған жоқ. Телеарналардағы бірнеше сюжетпен және мерзімді басылымдардағы 2-3 мақаламен аяқталды. 

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу