БЕЛТА басылымының жазуынша, алдағы онжылдықтарда Польша халқының саны күрт азаяды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәл қазіргі статистика сақталатын болса, 2060 жылға дейін ел халқы шамамен 25 пайызға (9 миллион адамға) азаюы мүмкін.
Негізінен, Бас статистика басқармасының 2023-2060 жылдарға арналған халық санының болжамы 3 түрлі сценарийді қарастырады. Олар – төмен, жоғары және орташа.
Жақында ғана жарияланған бұл моделдеу халық санының тәжірибелік болжамын байқатады. Десе де, барлық сценарийде де бірдей қорытынды шыққан.
Туу көрсеткішінің төмен болуынан 2060 жылға қарай халық саны 28,4 миллион адамға дейін, яғни 2024 жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға азайып кетеді.
Ал ең оптимистік нұсқада, өмір сүру ұзақтығының артуы жағдайында, халық саны 13,9 пайызға төмендейтіні болжанған.
Баяндамада 2000-2017 жылдар аралығында Польшадағы туу коэффициенті 1,22 мен 1,45 аралығында болғаны, соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны жазылған. Бір ғана мысал, 2024 жылы туу деңгейі тарихи ең төмен көрсеткіш – 1,10-ға дейін төмендеді.
Ең өкініштісі, 2060 жылға қарай еңбекке қабілетсіз жастағы адамдардың саны еңбекке қабілеттілерден асып түседі деген жорамал жасалып отыр.
Fakt басылымы қоғамның қартаюы мен еңбекке қабілетті халық санының азаюы еңбек нарығына, зейнетақы жүйесіне және жалпы экономикаға елеулі әсер етуі мүмкін екенін ашық жазуда.