Польша мен Беларусь "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізіне соққы берді

575

Қазақстан жері арқылы Батыс елдеріне бет алған қытайлық жүктер орта жолда дағдара бастады.  

Польша мен Беларусь "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізіне соққы берді Фото: ukragroconsult.com

Ұжымдық Еуропа соғысқа дайындалуда: Польша 12 қыркүйектен бастап, белгісіз мерзімге Беларуспен арадағы шекарасын толығымен жауып тастады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Мұнымен шектелмей, еуропалық ел танктерді және басқа әскери техниканы тоқтатуға арналған әртүрлі үлкен бетон кедергілерді тасып жеткізіп, шекарасын тас бекітіп жатыр.

Германиялық жетекші Deutsche Welle басылымының жазуынша, бұған Еуропаның дәл іргесінде, Польшамен арадағы шекара жанында Ресейдің және Беларустің "Батыс–2025" кең ауқымды бірлескен әскери жаттығуларының басталуы себеп болды. Бұл жаттығуға әскери жойғыш ұшақтар мен бомбалаушылар, бронды техника, радиоэлектронды күрес құралдары, артиллерия және басқасы тегіс жұмылдырылуда. Жаттығулар аясында кеше "авианосецтерді жоюшы" деп дәріптелетін "Циркон" атты кемеге қарсы гипердыбысты зымыран ұшырылды.

Украинаға қарсы соғыс осындай жаттығудан басталғаны белгілі. Сондықтан Польши премьер-министрі Дональд Туск 12 қыркүйектен Беларуспен арадағы шекера, соның ішінде теміржол өтпелері де жабылғанын мәлімдеді. Өз кезегінде Литва РФ, Беларуспен шектесетін шекарасында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, әскерін тартты.

Польша көшбасшысы Дональд Туск өз үкіметінің отырысында бұл бірлескен әскери жаттығулардың бұрынғыларынан "агрессивтілігімен" ерекшеленетінін жеткізді. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікті сақтау міндеті Беларуспен арадағы барлық көлік қатынасын белгісіз мерзімге тоқтатуды талап ететінін мәлім етті.

"РФ пен Беларусь тарапынан арандатушылық-провокациялар саны барған сайын артуда. Бұл қатарда күні кешегі ресейлік жиырмадан аса әскери дрондардың Польша территориясына баса-көктей енуі де бар. Біздің мәліметімізше, РФ пен Беларусь осы бірлескен жаттығулары барысында Сувалки (полякша Suwałki) дәлізін басып алу мақсаттарын да пысықтап жатыр", – деді Дональд Туск.

Сувалки дәлізі – Польша мен Литва территорияларында орналасқан, сиыр тіліндей созылып жатқан, ұзындығы 65 шақырымдық тар шекаралық учаске. Ол Беларусті Калининград облысынан бөліп жатыр.

РФ эксклавы – Калининград өңірі (Уикипедия 1946 жылғы 4 шілдеге дейін қала немісше Кёнигсберг-Königsberg аталғанын еске салады) Ресейден жырақта жатыр, онымен ортақ шекарасы жоқ.

Калининград облысының жұртшылығы Ресейге және кері қарай НАТО-ға мүше Литва немесе Польша жері арқылы қатынайды. Тиісінше, олардың жүктері тексеріледі, еуропалық санкцияға іліккен өнімдерді тасуына тыйым салынады.

DW порталының түсіндіруінше, егер шағын ғана Сувалки дәлізін басып алса, онда Ресей бұл облысына Беларусь аумағы арқылы еркін қатынай алады.

Мәскеу Беларусь аумағында өтіп жатқан екі елдің қарулы күштерінің "Батыс–2025" стратегиялық жаттығулары 16 қыркүйекте аяқталатынын мәлімдеді. Қажеттілік туындаса, ары ұзартылуы мүмкін. Осы кезде Беларуспен алыс-берісін доғарған Польша белгісіз мерзімге тек автомобилдерді өткізу пункттерін ғана емес, сондай-ақ теміржол қатынасын да толығымен тыйып тастады.

"Беларусь теміржолшылары қауымдастығы" бұл қадамның халықаралық транзит үшін зор зардабы барына назар аудартып, дабыл қағуда.

Польша теміржол тасымалдаушылары, соның ішінде PKP CARGO өз клиенттері мен контрагенттеріне қызметтік жеделхаттар жолдап, онда шекаралық өтпелердің қашан ашылатыны енді белгісіз екенін ескертті.

Беларустік экономикалық шолушы Мстислав Журавлевтің мәліметінше, Қазақстан, Ресей, Беларусь аумағы арқылы әрлі-берлі жүк тасымалын қамтамасыз ететін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" құрлық дәлізінің маңызды бір тармағы Польшаның жабық шекарасына барып тірелді.

Өйткені халықаралық жүк ағыны үшін аса маңызды 3 теміржол өтпесі де 12 қыркүйектен бері жабық тұр, бұлар:

  • "Кузница-Бялостокская – Брузги";
  • "Семянувка – Свислочь";
  • "Тересполь – Брест".

"Дәл осы өтпелер арқылы Қытайдан, Қазақстаннан және ТМД-ның басқа елдерінен шыққан негізгі жүк ағындары Польшаға кіріп, ары қарай Еуропаның өзге елдеріне тарайтын. Енді бұл қозғалыс қос бағытта да жаппай тоқтатылды. Діттеген жеріне жетіп үлгере алмай қалған жүк толы пойыздар және бос теміржол құрамдарының бәрі шекарада қаңтарылып тұр. Олардың қозғалуына рұқсат жоқ және осы күйде қанша жататыны беймәлім", – деп хабарлады Беларусь теміржолшылары қауымдастығы.

Айтпақшы, сауалнама қорытындысы көрсеткендей, поляктардың басым көпшілігі Беларуспен арадағы теміржол транзитін түбегейлі жауып, мәңгілікке блокада қоюды, рельстерді тегіс алып тастауды жақтайтын болып шықты. Себебі, патша және кеңес кезінде қалыптастырылған соғыс тактикасы мен стратегиясы бойынша ресейлік әскерлер мен әскери техника теміржол арқылы тасылады. Бұл амал Украина майданында да кең қолданылуда.

Ал, Польша төл теміржолдарын негізінен еуропалық 1435 миллиметрлік табанға көшіріп үлгергенімен, елдің шығысында, көмір мен темір кені тасылатын мамандандырылған металлургиялық желіде теміржол ені бұрынғы кеңестік 1520 мм күйінде қалған. Міне, соны ел шетіне басып кірген қарсылас өз мақсатына пайдаланып кетеді деген қауіп айтылып жүр.

"Бізге жеткізілген құжаттарға сәйкес, Польшаға бағытталған барлық пойыздар тоқтатылды және уәкілетті органның қарауына уақытша берілді. Бұл дегеніміз, Қазақстан, Ресей және Беларусь арқылы халықаралық маршрут бойынша аттандырылған қытайлық контейнерлік пойыздар жолда қалды және әл-әзір поляк шекарасын кесіп өте алмайды деген сөз", – деп түсіндірді журналистерге атын атағысы келмеген жергілікті теміржолшы.

Салдарынан, қазақстандық теміржол операторлары мен жүк жеткізушілер де тоқтап тұрған әр күн сайын шығын шегуде. Оларға сондай-ақ жүкке тапсырыс бергендер тауарды уақытында жеткізбегені үшін айыппұл санкциялары салынуы мүмкін.

Қазақстандық және беларустік мамандардың дерегінше, оқиғаның ары қарай өрбуінің 3 нұсқасы бар: біріншіден, жүктерді амалсыз, кері оралтып, Қытайдағы және Қазақстандағы жүк жөнелтушілерге қайтаруға тура келеді. Онда алған тапсырыстарын орындамағаны үшін санкцияға ілігеді.

Екіншіден, теміржол құрамдарына артылған жүкті автокөліктерге қайта тиеп, Литва мен Латвия шекарасы арқылы өтіп, айналма жолмен Польшаға жетуге мәжбүрленеді. Алайда бұл нұсқаның да шығыны көп: бір контейнердегі жүкті тасымалдау үшін бірнеше жүк көлігін не автопойызды жалдауға тура келуі мүмкін. Жол ұзарғандықтан, көлік пен жол шығыны артады. Жүкке жаңа жолқұжаттар пакетін жинап, Литва немесе Латвияда кедендік, заңгерлік рәсімдерден өту қажет болады. Оның үстіне шағын ел болғандықтан, бұл республикалардың көлік өткізу қуаты тым шектеулі. Демек, ол жақта шекарадағы кезекте сарыла ұзақ күтетін болады.

Үшіншіден, теміржол құрамындағы жүкті автокөліктерге қайта артып, Беларустен Ресейге кері оралтып, Қара теңіз және ар жақтағы Түркияға жеткізетін баламалы бағыттармен жөнелту қалады. Әйтсе де, бұл бағыттың да әлеуеті шағын.

"Балама нұсқалардың барлығы жүктің көздеген жеріне 3–4 аптаға дейін қатты кешігіп жетуіне және үлкен қосымша шығындарға соқтырады. "БЖД" (Беларусь темір жолдарының) бағалауынша, шекараның жабық тұруынан келетін әрбір күнгі шығындар 500–600 мың долларды құрайды", – деп жазды "Зеркало".

Тек әскери жаттығулары ғана емес, "одақтастың" оралымсыз тірліктері де қазақстандық және қытайлық тараптарды сазға отырғызыпты. Теміржол операторының өкілі Кенжебек Хамзин бұл маршрутпен жүк жөнелтпеу туралы ескертпе тым кеш келіп жеткеніне назар аудартты. Польша тарапы барлық шекаралық өтпелердің жабылатыны туралы 10 қыркүйекте хабарлама жолдаған екен.

Беларусь тарапы жедел үн қатпаған: Польшаның негізгі теміржол компаниясы болып табылатын "ПКП"-нің (Polskie Koleje Państwowe) инфрақұрылымына және поляк теміржолдарына транзиттік пойыздарды бағыттауға тыйым салынғаны туралы өз серіктестеріне жолдануға тиіс конвенциялық жеделхат-телеграмманы "БЖД" тек 12 қыркүйектің таңында ғана дайындапты.

Ал, бұл кезде, 12 қыркүйекке қараған түні шекаралар жауып тасталды. Ол ол ма, "БЖД" дайындаған конвенциялық жеделхатқа оның басшылары жұмыс күнінің соңына дейін қол қоймай, созбалаңға салып жүріп алған. Кейбір деректер бойынша Беларусь темір жолы "жоғарыдан түсетін қосымша бұйрықты" күтіп отырған.

Соның кесірінен Қытайдан және Қазақстаннан бет алған және Беларусь аумағына кірген теміржол құрамдары қалыптасқан ахуалдан бейхабар күйде Польшамен шекара бағытында қозғалысын жалғастырған. Енді, тыйым күшіне енгеннен кейін шетелдік пойыздардың бір бөлігі сол жақта тоқырап тұрған жайы бар көрінеді.

"Теміржол құрамдарының бір бөлігі тіпті шектеу қолданысқа енгізілген соң ол туралы білмей, поляк түйісіне қарай жүрісін жалғастырды. Бұл өз кезегінде бүгінде "02 кодымен" айқындалатын, "иесіз тасталған пойыздар" (брошенные поезда) санының артуына әкелді. Сонымен бірге олар өтпе маңындағы маневрлік жұмыстарды күрделендірді", – деп журналистерге мәлімет берген Беларусь теміржолшылары қауымдастығының өкілі де қалыптасқан жағдайға "жайбасарлық" танытқан "БЖД"-ны кінәлады.

Жалпы, қауымдастық өкілі Польшаның шекараны жабуы транзитке салмақты соққы болғанын жасырмады. Екі ел арасындағы шекарадан орасан зор ауқымда жүк тасымалданады. 2024 жыл қорытындысында беларус-поляк шекаралық өтпелері арқылы шамамен 8 миллион тонна жүк өткен. Енді оның бәрі адыра қалды.

"Беларусь пен Польша "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізінде стратегиялық рөлге ие. Ол арқылы Қытайдан, Қазақстаннан, Орталық Азиядан Германияға, Нидерландыға, Бельгияға және басқасына бағыт алған контейнерлік теміржол құрамдарының елеулі бөлігі өтеді. Бүгінде бұл маршрут іс жүзінде бұғатталып тасталды", – деді анонимді шартпен пікірін білдірген беларустік теміржолшы.

Қазақстан жерін басып өтетін Қытай-Еуропа дәлізінің беларустік Орша және Брест бөлігінің өткізу қабілеті тәулігіне 80-90 пойызды құрайтын. Орташа контейнерлік пойыз 50-57 вагоннан тұрады және 700-900 метрге созылып жатады. Яғни, қаңтарылып тұрған әрбір пойыз шамамен бір шақырымдай жолды алып тұрады.

Дағдарыстың ауқымын осыдан түсінуге болады. Қазірдің өзінде "иесіз тасталған пойыздардың" кезегінің ұзындығын сарапшылар 80-110 шақырымға бағалады. Мамандар оларды жаппай сүйреп әкетіп, станциялар мен запастық парктерге орналастырғанның өзінде 7-10 күннен кейін Беларусте бос теміржол тапшылығы басталатынын мәлімдеді.

Осылайша, Беларусь халықаралық транзит үшін жарамсыз болып қалады және Қазақстан арқылы өтетін дәлізді пайдаланушыларға бұл елді айналып өтуге тура келеді.

Олай болса, РФ пен Беларусь Польша шекарасының маңындағы әскери қимылдарын тоқтатып, қысымды алып тастаса ғана бұл бағытта ахуал оңалатынға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу