"Польша туры". Astana Qazaqstan Team шабандозы үздік ондық қатарында

1629

Самуэле Баттистелла "Астанамен" бірге алғаш рет спорттық мансабындағы үздік нәтижеге қол жеткізіп, жарысты 7-болып аяқтады.

"Польша туры". Astana Qazaqstan Team шабандозы үздік ондық қатарында

"Польша Туры" – 1928 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2005 жылдан бастап UCI (Халықаралық велосипедшілер одағы) әлемдік тур аясында өтетін веложарыстардың бірі болып тіркелді. Жыл сайын Польшаның тас жолдарында өтетін көпкүндікте 2020 жылы елордалық велокоманданың даниялық шабандозы Якоб Фульсанг жалпы есепте жеңіс тұғырына көтерілген болатын.

Ал биыл 79-мәрте ұйымдастырылған жарысты Astana Qazaqstan Team командасының шабандозы Самуэле Баттистелла тамаша өткізді. Ол алғаш рет өзінің спорттық мансабында әлемдік турдың жарысында үздік ондық қатарына енді. Елордалық велоклубтың италиялық шабандозы "Польша турының" жалпы есебінде 7-нәтиже көрсетті.

"Жарыс аптасын тамаша өткізгеніме өте ризамын. Әсіресе, сәтсіздіктер мен аурулардың қиын кезеңінен кейін осындай нәтижеге қол жеткізгеніме қуаныштымын. "Тур де Франс" басталмай тұрып үзіліс алуға мәжбүр болғаннан кейін, мотивацияны сақтап, жаңа мақсаттарға жету үшін жұмысты жалғастыру оңай болмады. Осылайша, әлемдік тур жарысында маңызды нәтижеге қол жеткізгеніме және бабымның жақсы екеніне өте қуаныштымын. Келесі мақсаттарға жету үшін жұмысты одан әрі жалғастырамын", – деді Самуэле Баттистелла.

Биылғы "Польша турында" Ineos Grenadiers командасының 23 жастағы шабандозы Этан Хейтер жеңіске жетті. Ол жекелей уақытқа арналған 6-кезеңнен кейін жарыс көшбасшысының жейдесін киіп, осы жарыста бас классификация бойынша жеңіске жеткен алғашқы ұлыбританиялық шабандоз ретінде тіркелді. Хейтерге 11 секунд ұтылып қалған DSM командасының 22 жастағы голландиялық шабандозы Тимен Аренсман екінші орынға ие болса, Bahrain Victorious командасының 32 жастағы испаниялық шабандозы Пельо Бильбао жарыс жеңімпазына 18 секунд ұтылып, үздік үштік қатарына ілікті. Әлемдік турдың алғашқы ондығына алғаш рет енген Баттистелла мәреге Хейтерден 32 секундтан кейін келді.

"Бірнеше күн бұрын менде көшбасшы жейдесін алуға жақсы мүмкіндік туды. Ал бүгін  сол жейдені сақтап қалу үшін жарысты жақсы нәтижемен аяқтауым керек болды. Команда керемет жұмыс атқарды. Әсіресе кезеңнің алғашқы бөлігінде жігіттер көшбасшы топты бақылауда ұстады. Командаластарымның арқасында ештеңені уайымдамадым. Бүгін аптап ыстыққа байланысты ең қиын кезең болды. Жалпы "Польша туры" мен үшін жақсы өтті. 3-ші кезеңдегі асу жолы және жекелей уақытқа арналған жарыс маңызды кезеңдердің бірі болды. "Польша туры" ұзақ уақыт бойы есімде қалады. Ал бүгінгі сары жейдедемен мәре сызығын кесуім мен үшін осы жарыстағы ең жарқын сәт болды", – деді Хейтер.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу