Польшаның әскери ұшақтары Астанаға қонды

4744

Варшава тарихи отанына оралғысы келген қандастарына арнап Польшаның әскери әуе күштерінің ұшағын жіберді.

Польшаның әскери ұшақтары Астанаға қонды

Өткен сейсенбі, 20 желтоқсан күні, Астана әуежайына Польша әскери күштерінің "Hercules" Локхид С-130 маркалы ұшағы қонды. Бұл әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

Әскери ұшақ әскери мақсаттағы әуежайға емес, халықаралық әуежайға күнде қона бермейді. Әлеуметтік желі қолданушыларының бұған қатысты айтқан дүдәмалдары мен түсініктемелері сан түрлі болды.

Аbtcv.kz тілшісі осы жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін Астанадағы Польша елшілігіне хабарласқан еді. Елшілік Польша үкіметі Қазақстанға бір емес, екі ұшақ жібергенін айтты. Оның бірі – жолаушы ұшағы, екіншісі – әскери ұшақ.

"Жолаушы ұшағы 154 этникалық полякқа және олардың отбасына арналған. Олардың бәрі өз қалауымен тарихи отаны Польшаға оралды. Енді жаңа жыл мен рождествоны тарихи отандарында қарсы алады. Ал әскери ұшақ оралмандардың мүліктерін көшіруге жіберілген", – дейді Польша елшілігі.

Барлық жолаушы мен олардың жүктері Варшаваға аман-есен жеткізіліп, оларды Польшаның сыртқы істер министрлігі салтанатты түрде қарсы алды. Мұның бәрі поляктардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Польша елшігі бұл жұмыс сол елдің мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи отанына оралғысы келетін поляктарға жасалып жатқанын айтты.

Польшаның жат елде жүрген қандастарына деген көзқарасы өте ерекше екені жалпыға аян. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін мыңдаған поляк отбасының аяқ астынан Қазақстанға көшірілгені белгілі.

Елшіліктің мәлімдеуінше, осы бағдарлама негізінде 2000 жылдан бастап 5 мың этникалық поляк Польшаға оралған. Бұл бағдарлама одан әрі жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу