Помпеоның Қазақстанға келуінің сыры неде?

2143

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.

Помпеоның Қазақстанға келуінің сыры неде?

platon.asia: "Геосаяси жұмбақ: Помпеоның Қазақстанға келуінің сыры неде?", – деп жазады басылым.

Бұл мақалада сарапшылар Америка неге Қазақстанға қызығушылық танытып отырғанын түсіндірген. Бар жағдайды бақылап отырған мамандар мұның себебін Ауғанстанда орын алған соңғы жағдаймен байланыстырып отыр.  

Америка Құрама Штаттарының жүргізіп отырған саясатын егжей-тегжейлі баяндаған мамандар бұл елдің Қазақстанмен орнатқан қарым қатынасы осы уақытқа дейін "тұрақты болғанымен айтарлықтай әлсіз" болған деп бағалап отыр. Бұл жайында Ресейдің АҚШ пен Канаданы зерттейтін институттың ғылыми қызметкері Владимир Батюк айтқан.

"Қазақстан Орталық Азиядағы ірі мемлекеттердің бірі. Мұнымен қоса бұл уранды экспортқа шығаратын ірі елдердің бірі және мұнай мен газға бай мемлекет. Осының өзі Американың не себептен Қазақстанға қызығушылық танытатынын білдіреді", – деп жазылған мақалада. 

ehonews.kz: "Сарапшы: Азат Перуашев конструктивті оппозиция барын көрсеткісі келеді", – деп жазады интернет-басылым.

"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев партиясының парламенттегі фракциясы "Парламеттік оппозиция туралы" заң жобасын әзірлеп қойғанын айтты. 

Азат Перуашев өз  партиясының президенттік "Нұр Отан" партиясымен тең дәрежеде болуын қалайтынын жеткізді. Себебі оның серіктестері қысым көріп, Мәжілісте өз пікірлерін ашық айта алмайды.

"Бизнес партиясының әп сәтте оппозицияға айналғаны әлеуметтік желіде көптеген блогерлер мен комментаторлардың қызығушылығын арттырды. Себебі бір жыл бұрын бұл партия өзін "ұлттық-патриоттық партиямыз" деп, Қазақстан атын Қазақ Республикасы деп атауды ұсынған болатын. Оның серіктестері өткен жылдың қаңтар айында Қазақстанның кейбір қала мен облыс аттырын өзгерту керек деп, көптеген ұсыныс жасаған болатын. Сонымен қатар, олар "Алаш Орда" партиясы мүшелерін мемлекет негізін қалаушылар ретінде таныған болатын", – деп жазылған басылым мақаласында. 

Енді "Ақ жол" өзін оппозициялық партиямыз деп жатыр. Танымал қазақстандық саясаттанушы Қазбек Бейсебаев өз комментарийлерінде Азат Перуашевтың  шынайылығына күмәнмен қарап отыр.

"Партия мен партия жетекшісіне сене алмай отырмын. Себебі бұл партия әрдайым биліктің "Нұр Отан" партиясымен одақтас болып келетін. Шынын айтқанда, "Ақ жол" партиясын оппозиция деп атау саяси нонсенс болып келеді", – деген саясаттанушы.   

fergana.ru: "Зайсанда Қытайдан қашқан қазақтардың соты басталды",– деп хабарлайды басылым.

Сот отырысы белгіленген күні сот ғимараты алдына қамауға алынған Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының туған-туысқандары мен оларды қолдаушылар келді. 

Басылымның хабарлауынша, ғимарат маңы мен ғимараттың ішін полиция қызметкерлері күзетіп жүрген. Сот отырысының басында Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы адвокаттың сұрақтарына жауап берген. Олар Қытай лагерьлерінде туысқандары қалғанын айтқан және олардың тағдырынан бейхабар екенін жеткізген.

"Бірнеше куәгер сөз сөйлегеннен кейін, сот отырысы 21 қаңтар күні өтеді деп, кейінге қалдырылды. Ләззат Ахатова есімді адвокат сот отырысы түстен кейін өтсін деп талап қойып, наразылығын білдірді. Себебі көп адам алыстан келген болатын", – деп жазылған мақалада.  

Мұсаханұлы мен Әлімұлының Қытай провинциясынан қашып кеткені жайындағы  ақпарат өткен жылдың қазан айында белгілі болған. Қашып келгендірдің айтуынша, олар қытай билігі өкілдері тарапынан қысым көрген. Соңынан олар шекараны заңсыз өткені үшін Қазақстанда қамауға алынған болатын.  

spik.kz: "Істің адамы",– деп жазады бұл интернет-басылым.

Мақала авторы істің адамы деп осы жылдың басында көз жұмған танымал мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдинді атап өткен. 

Мақала авторы Қазақстанның Жоғарғы кеңесін басқарған әрбір тұлғаның өзіндік орны барын жазған, бірақ Серікболсын Әбділдиннің орны ерекше болғанын айтады. Себебі ол Қазақстанның тәуелсіздік декларациясына қол қойған тарихи тұлға.

"Өмірінің соңғы жылдарын  Серікболсын Әбділдаұлы билікті сынауға,  оппонент болуға арнады . Мүмкін сол себептен болар, Серікболсын Әбділдинмен қоштасуға ресми билік өкілдері келмеді. Қалай десек те, бұл олардың таңдауы ғой. Алайда мемлекет негізін қалауға атсалысқан тұлғаны соңғы сапарға шығарып салу кез келген саясаткердің парызы және бұл талқыланбайтын дүние", – деп жазады мақала авторы Айгүл Омарова.

time.kz: Қазақстандық  аудармашы әрі ақын Ербол Жұмағұл Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуды қолға алды. Аудармашы бұл әрекетін ұлы ақынның мерейтойымен байланыстырып отырған жоқ. Ол тек Абайдың сөздерін түсінікті етіп аударғысы келетінін жеткізді. 

Аудармашы Ербол Жұмағұл бұрынғы аудармаларға көңілі толмайтынын айтқан. Себебі бұл аудармаларда Абайды күңкілдек, мазасыз шал ретінде көрсеткен. Мұнымен қоса Ербол Жұмағұл аудармашылардың жұмысын жоққа шығарғысы келмейді.

"Көптеген адамға Абайдың қара сөздерінде ақынның өз қандастарын сынға алатыны ұнамайды. Мұнымен қоса, ол орыстардан үйрену керек дегенді айтады. Бұл сөздері әлі күнге дейін көбісіне ұнамайды. Алайда Абай қай уақытта өмір сүргенін ескеру керек қой. Кімнен үйренер едік? Қазір,әрине, күллі әлім ашық",– дейді өз сөзінде аудармашы әрі ақын Ербол Жұмағұл.

Аудармашы ақын Ербол Жұмағұлдың пікірінше, Абайдың қара сөздері күні бүгінге дейін өз өзектілігі мен маңыздылығын жоғалтқан емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу