Әлемдік рейтингте 236-орында тұрған қазақстандық теннисші Дмитрий Попко әлемнің 170 ракеткасы Андреа Пелегриномен кездесті. Италиялық теннисші өткен жылы Лиссабонда өткен жарыста Попкомен кездесіп, жеңіліп қалған еді.
Алғашқы сетте Пелегрино ширақ қимылдап, басымдылық көрсетті. Үшінші геймде брэй жасап, есепте алға озып кетті. Нәтижесінде, алғашқы сетті италиялық теннисші 6:4 есебімен жапты.
Екінші сетте Попко шеберлігін көрсетіп, 3:0 нәтижесімен алға шықты. Бірақ кейіннен қарсыласы оны қуып жетіп алды. Тіпті таразы басын теңестіріп, сет жеңімпазын тай-брэйкке ойыстырды. Бұл жерде отандасымыз 4:1 жеңіп жатты. Сол есеп айырмасын ұстап тұрып, жеңіске жетті. Сеттер бойынша есеп 1:1 болды.
Үшінші сетте Попка қайтадан алға шықты. Италиялық қарсыласы екі гейм алған еді, одан кейін гейм жеңе алмады. Ауыр соққыларымен қарсыласын сан соқтырған жерлесіміз 6:2 есебімен айқын жеңіске жетті. Сеттер саны бойынша есеп 2:1 болып, келесі кезеңге Дмитрий Попко шықты. Енді екінші айналымда Д.Попко словакиялық теннисші Норберт Гомбашпен кездеседі. Ойын 25 тамызға жоспарланған. Осы айналымнан бастап тағы бір қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин де жарыс жолына шығады. Ол аргентиналық Николас Киккермен ұшырасады.
"Үлкен дулыға" санатына жататын доданың екінші айналымына қазақстандықтар көптеп шығатынын байқап отырмыз. Ал осы жарыстың алдында Кливленд қаласында өтіп жатқан WTA 250 жарысында Анна Данилина жұптасу бәсекесінің ширек финалына шықты. Ол сербиялық әріптесі Александра Круничпен тізе қосып америкалық жұп Лорен Дэвис/Мэдисон Бренглдан басым түсті.
Ермұхамед Мәулен