Попко "Ролан Гарростың" іріктеу турнирінде финалға шықты

1315

Қазақстандық теннисшілер шет елде өтіп жатқан теннис турнирлерінде сәтті өнер көрсетуде.

Попко "Ролан Гарростың" іріктеу турнирінде финалға шықты

Дмитрий Попко Парижде өтіп жатқан Францияның ашық чемпионатында (Ролан Гаррос) финалға шықты. Жекелей өнер көрсету бойынша жартылай финалда қазақстандық теннисші Германия өкілі Оскар Оттені екі сетте, 7:5, 7:6 есебімен ұтты. Әлемдік рейтингте 170-орында тұрған Дмитрийдің қарсыласы Отте одан әлде қайда жоғары, 137 сатыда орналасқан. Соған қарамастан жерлесіміз қарсыласынан мықты болып шықты. Кездесу 2 сағат 7 минутқа созылды.

Финалда Попко Эмилио Гомес (Эквадор) - Филип Хорански (Словакия) жұбының жеңімпазына қарсы ойнайды. Турнирдің алғашқы айналымында жерлесіміз аргентиналық Андреа Коллариниді 6:2, 6:1 жеңді. Ал "Ролан Гаррос – 2019" турнирінде испаниялық Рафаэль Надаль жеңіске жеткен болатын.

Сонымен қатар Страсбургте ұйымдастырылған Internationaux de Strasbourg турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина өнер көрсетуде. Ол француз қызы Ализе Корнені 6:3, 7:6 (10:8) есебімен ұтты. 1 сағат 49 минутқа созылған матчта жеңіске жеткен Елена ширек финалға шықты. Ол бүгін қытай қызы Чжан Шуаймен кездеседі.

Страсбургте өтіп жатқан WTA турнирініне тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Дияс қатысқан болатын. Ол екінші айналымда жарыстан шығып қалды. 1 сағат 49 минутқа созылған кездесуде Зарина Дияс Нао Хибиноға жол берді. Екі сетке ұласқан матч 5:7, 3:6 жапониялық теннисшінің пайдасына аяқталды. Нао келесі айналымда Кики Бертенс (Нидерланды) - Елена Остапенко (Латвия) жұбының жеңімпазына қарсы кездесу өткізеді.

Естеріңізге сала кетсек, алғашқы айналымда Зарина америкалық Кристина Макхэйлді  6:7 (4:7), 7:5, 7:6 (7:3) есебімен ұтқан болатын. Сонымен қатар турнирдің екінші күні қазақстандық теннисшінің жойқын соққысы ең үздік деп танылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу