Porsche тағы 5 мың жұмыс орнын қысқартпақшы

146

Компанияның тиісті қадамға баруының себебі белгілі болды. 

Porsche тағы 5 мың жұмыс орнын қысқартпақшы Фото: porche.com

Германияның Porsche спорттық автокөлік өндірушісі алдағы жылдары тағы 5 мың жұмыс орнын қысқартады. Бұған дейін компания 3900 қызметкерді қысқарту туралы шешім қабылдаған болатын. Сонымен қатар еншілес кәсіпорындарда тағы 500-ге жуық бос жұмыс орны қысқартылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Бұл ретте Porsche Цуффенхаузендегі басты зауыты мен Вайсахтағы зерттеу орталығы қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуына берілген кепілдікті 2035 жылдың соңына дейін ұзартпақ. Компанияда қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығару күтілмейді. Оның орнына бос жұмыс орындарын толтырмау, қызметкерлерді мерзімінен бұрын зейнетке шығару және ерікті келісімдер жасау арқылы штат санын біртіндеп азайту көзделіп отыр.

Дегенмен жұмыс орындарын сақтау үшін бірқатар жеңілдіктерге баруға тура келеді. 2035 жылға дейін жалақыны жоспарлы көтерудің бір бөлігі тоқтатылады, Рождество мерекесіне арналған төлемдер қысқарып, ал сыйақылардың көлемі компанияның қаржылық нәтижесіне көбірек тәуелді болады. Сондай-ақ үйден жұмыс істеу мүмкіндігі айына 12 күннен 8 күнге дейін қысқартылмақ.

Компанияның тиісті шешім қабылдауына Қытайдағы сатылымның төмендеуі әсер еткен. Бұдан бөлек, АҚШ-тың кедендік баж салығы мен жаңа модельдерді әзірлеуге кететін жоғары шығындары да бар. Porsche үш жыл бұрын жылына 320 мыңға жуық автокөлік сатса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 250 мыңға жуықтайды деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу