Пошта енді билет сатумен айналысады

Артур Мискарян Артур Мискарян
3809

Қазпошта ұшақ және теміржол билеттерін сату қызметін іске қосты.

Пошта енді билет сатумен айналысады

Еліміздің ұлттық пошта байланысы операторы жаңа қызмет түрін іске қосқандығы туралы "Қазпошта" АҚ-ның инновация және ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Нариман Мұқышев Facebook-тегі парақшасында мәлім етті.

"Біз ұшақ және теміржол билеттерін онлайн сату жөніндегі қызмет түрін іске қостық және  клиенттер үшін барынша тиімді шарттарға қол жеткіздік", – деп жазды ол өз парақшасында.

Қазіргі кезде ticket.post.kz сілтемесі бойынша қызметтің сынақ нұсқасы жұмыс істеп тұр, одан ұшақ және теміржол билеттерін сатып алуға болады.

"Билет құны бізден төмен немесе бізбен бірдей болатын әзірге бірде бір сайтты таппадым", – деп жазды Нариман Мұқышев Facebook-тегі парақшасында.

Салыстырсақ, Астана-Мәскеу бағыты бойынша Астанадан 1 шілде күні ұшып 8 шілде күні Мәскеуден қайтатын ең арзан ұшақ билетінің құны Қазпоштада 136410 теңге тұрады. Тасымалдаушы –  Air Astana. Ал Aviata қызметі дәл сол мерзімде "Аэрофлот" әуе компаниясы тасымалдайтын Астана-Мәскеу тікелей рейсіне 221744 теңге сұрап отыр.

Нариман Мұқышевтың айтуынша, жуырда Қазпошта Post.kz қосымшасында билет сату қызметінің мобильдік нұсқасын іске қосуды жоспарлап отыр.

"Бұл нарықта бәсекелестеріміз көп екенін түсінеміз. Сондықтан жақында ұшақ және теміржол билеттерін сатып алу қызметі сіздің ұялы телефоныңызда – Post.kz мобильдік қосымшасында пайда болады", – деп жазды Нариман Мұқышев.

Aviata және Aviasales қызметтерінде мұндай мобильдік қосымша бұрыннан бар.

Әйгерім Сүлейменова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу