Бұл – қауымдастық мүшелерінің бірауыздан дауыс беруімен қабылданған шешім, хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ТХКБ – Азия мен Еуропа арасындағы негізгі дәліз
Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропаны байланыстырады. Ол Транссібір теміржол бағыты мен Суэц каналына балама ретінде қарастырылады. ТХКБ қауымдастығы 2016 жылы құрылған және оған жетекші теміржол, теңіз және логистикалық компаниялар кіреді, олардың қатарында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, "Әзербайжан темір жолдары" ЖАҚ, "Грузия темір жолы" АҚ, TCDD Transportation және тағы да басқа ұйымдар бар. Бүгінде қауымдастықта 20-дан аса ұйым мүшелікке ие.
Қауымдастықтың басты мақсаты – бағытты дамыту, логистиканы оңтайландыру және жүк ағындарын тарту. Бұл Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының жылдам әрі үзіліссіз жеткізілуіне ықпал етеді.
"Поти ТрансТерминал" АҚ-ның ТХКБ дамуына қосқан үлесі
2023 жылдан бастап PTC Holding Поти порт аймағында жылдық қуаты 80 мың ДФЭ-ден асатын мультимодальды контейнерлік терминал салу жобасын жүзеге асыруда. Жалпы инвестиция көлемі – 30 миллион АҚШ доллары.
Бұл терминал контейнерлік және қапталған жүктерді заманауи технологиялық жабдықтар (порталды крандар, ричстакерлер, т.б.) көмегімен өңдеуге арналған. Жаңа терминал Транскаспий бағытының өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға серпін береді.
"Поти ТрансТерминал" АҚ-ның ТХКБ қауымдастығына қосылуы компанияның Орта дәліз инфрақұрылымын дамытудағы маңызды рөлін және Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға қосқан үлесін растайды.