Пранк жасайтындарға тықыр таянды

525

Енді мұндай контентке шектеу қойылуы мүмкін.  

Пранк жасайтындарға тықыр таянды Фото: Мәжіліс

Қазақстанда пранк контентке шектеу қою ұсынылды. Мұндай бастаманы депутат Мақсат Толықбай көтеріп отыр. Арнайы жасақтың киімін киіп алып, той-туған күндерге кіріп барып, қолдарына кісен салып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, соңында "пранк" деп шығатындар елдің есін алып жүр, дейді мәжілісмен. Шектеу енгізілсе, нақты қандай дүниелер ескерілуі тиіс? Мәселенің жай-жапсарын сарапшылардан анықтап білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Пранк-контентке шектеу қою ұсынысы сөз бостандығын шектеуі мүмкін, өйткені өз ойын жеткізу еркіндігіне шығармашылық пен ойын-сауық құқығы да жатады. Дегенмен егер пранк зиян келтірсе немесе қауіпсіздікке қатер төндірсе, бұл шектеуді ақтап ала алады", - деді заңгер Ләззат Рақышева.

Сарапшыға пранктардың қоғамға зияны нақты неде көрініс табатынын сұрадық.

"Пранктың қоғамға зияны түрлі формада көрінуі мүмкін: стрестен бастап физикалық қауіпке дейін. Пранк жалған ақпарат таратуы, паникалық реакция тудыруы немесе зақым келтіруі мүмкін. Жеке өз басым үшін нақты зияны жоқ, бірақ кейбіреуінен зорлықты насихаттауды көремін. Бұл ретте мен егер жастарға бұл әрекет өзгелердің құқығын бұзатынын және дискриминация немесе зорлықты насихаттайтынын түсіндірсе, мұндай жағдайлар мүлдем болмайды деп ойлаймын. Сол үшін халықпен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет", - деп атап өтті ол.

Ләззат Рақышеваның сөзінше, пранк аясында жасалатын қылмыстық немесе ұятсыз әрекеттер қолданыстағы заң аясында жазалануы мүмкін. Мұндай жағдайларда тәртіпсіздік, зорлық немесе қоғамдық тәртіпті бұзу баптары қолданылады. Сала маманы кей жағдайларда нақты реттеулер үшін заңды нақтылау немесе жаңасын жасақтау қажет болады деген пікірде.

Екінші әйел "сыйлау", торт лақтыру, жұмыртқа жару...

"Шектеудің әрекет ету саласын анықтау қиын болуы мүмкін. Авторлардың ойы мен қоғамның пікірін негізге ала отырып, айқын критерийлер енгізу қажет. Мысалы, физикалық немесе эмоционалды залал келтіретін пранк орынсыз деп саналуы мүмкін", - деді Ләззат Рақышева.

Заңгер мұндай контент басқа елдерде әртүрлі реттелетінін айтады. Кейбір мемлекеттерде зиянды пранкке қарсы қатал заң қарастырылса, енді бірі платформалар мен қоғамдық пікірдің өзара реттесуіне сүйене отырып, еркін қатынасты таңдаған. Мысалы, кейбір елде айтарлықтай залал келтіруі мүмкін пранк үшін қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін, дейді ол.

"Мысалы, мен қорапқа салып, екінші әйел сыйлауды көп әйел алушылықты насихаттау деп түсінемін, ал бұл біздің елде заң бойынша тыйым салынған және әйелдердің құқығын бұзу деп саналады. Адамның құқығын бұзатын, оның ар-намысын таптайтын барлық пранк пен әзіл-қалжың маған ұнамайды. Әзіл үшін, әйелінің реакциясын көру үшін балаларды ұру немесе адамның бетіне жұмыртқа жарып, басына торт лақтыру – дискриминация және агрессияның сипаты, адамды мазақ ету және адам құқығын бұзу. Қалжың мен адам құқығын сақтау арасында нақты шекара болуы тиіс", - деді заңгер.

Ләззат Рақышева депутаттар қандай да бір ұсыныс айтпас бұрын мәселені жан-жақты зерделеуі тиіс деген пікірде. Сөзінше, тыйым мен шектеуден бұрын, алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарастыруға басымдық берген жөн.

"Депутаттың айтқаны шығармашылықты шектейді"

"Пранкшілерді жауапкершілікке тартқан кезде көп жағдайда екі бап қолданылады. Бұл – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) және Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық). Сол себепті бізге Қазақстанда заңнамаға бөлек бір өзгерістер енгізудің қажеті жоқ. Себебі біздің заңнама бұл мәселені толықтай шешеді. Бұл ұсыныс шығармашылықты шектейді. Әрине, пранк шығармашылық туындының шегінен шығып жатса, онда мұндай азаматтарды жауапқа тартуға болады. Оған бөлек заңнама ойлап табудың ешқандай қажеті жоқ", - деді заңгер Аржан Садуақас.

Сарапшы көп жағдайда пранк қоғамдық жерде түсірілетінін айтады.

"Егер біз жеке тұлғалардың құқықтары туралы айтсақ, мысалы, олардың келісімінсіз әлеуметтік желіге салынған жағдайда, олардың құқықтары бұзылады. Олар өздерінің рұқсатынсыз желіге жүктелген бейнежазбаны көрген жағдайда, осындай пранк жасаушылардың атына жеке шағым түсіруі тиіс. Қазіргі таңда осы салада бір бөлек бапты енгізу дұрыс емес. Себебі әр азаматтың құқықтары бар. Олар сотқа немес құқық қорғау органдарына жүгіне алады", - деді ол.

Заңгер қоғамдық тәртіп пен адамдардың құқығын бұзатын пранк жасаушы блогерлерге қатысты жаңа заң қажет емес деген пікірде.

"Шектеу енгізудің ешқандай қажеті жоқ. Бұл шығармашылық әрекет болып саналады. Әр тұлға өзінің бұзылған құқықтарын қорғай алады. Мысалы, кейбір әрекеттер басқа адамды ерсіз, әдепсіз етіп көрсетуі мүмкін. Әр адамның әртүрлі көзқарасы бар. Жария құқықтық қатынастар болса, әрине, бұл жерде қоғамдық тәртіп бұзылады", - дейді сарапшы.

Негізінен депутат Мақсат Толықбай шектен шыққан пранктер Қазақстанның имиджіне нұқсан келтіреді деп санайды.

"Қазір бейтаныс біреу пышақ алып жүгірсе "бұл шын ба, әлде пранк па" деп қарап тұратындар, қалжыңды түсінбей, қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасы ұстаған фактілер де тіркеле бастапты. "Ойыннан от шықты" деген осы. Сондықтан, уәкілетті министрлік аталған контенттің авторларын тауып, қатаң ескерту жасап, қолдарындағы қаруларын тәркілеу керек", - деді мәжілісмен.

Үкіметтің бұл мәселеге қатысты ұстанымы әзір белгісіз. Себебі атқарушы билік әлі жауабын жария етпеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу