Шахтадағы апатқа бірінші кезекте "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы кінәлі

"АрселорМиттал Теміртауды" Қазақстанға беру рәсімдері аяқталу сатысында. 

Шахтадағы апатқа бірінші кезекте "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы кінәлі Фото: dknews.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада орын алған өртке қатысты жағдай қаралды.

Ол ең алдымен Үкімет атынан және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

"Биыл тамыз айында да "АрселорМиттал Теміртауда" осындай апат орын алған болатын. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі", — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастағанын, мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырып келе жатқанын айтты.

"Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында", — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, арнайы Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.

"Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды", — деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түні АМТ-ға қарасты Костенко шахтасындағы жарылыс салдарынан 46 кенші қаза тапты. Мемлекет басшысы "АрселорМиттал Теміртау" – ел тарихындағы ең нашар компания болды, деп мәлімдеді. 

Президент компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма беріп, тиісті шара қабылданатынын жеткізді. 

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ халықаралық ArcelorMittal болат концернінің бөлігі болып табылады және Қазақстандағы 15 көмір кеніші мен темір рудасына иелік етеді. Болат зауытының нысандарында төтенше жағдайлар, соның ішінде адам өлімі бір емес, бірнеше рет орын алған. 

Атап айтқанда, 2023 жылдың 17 тамызында "Казахстанская" көмір кенішінде конвейер лентасы өртеніп, ірі апат болды. Бұл кезде шахтадағы 227 адамның 222-сі эвакуацияланып, 5-і қайтыс болған. "Казахстанская" кенішіндегі өрт әлі сөнген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу