Премьер-министр Павлодардың пәрменімен танысты

2529

Жұмыс сапарымен Павлодар облысына барған Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның үшінші жаңғыруы шеңберінде қойылған тапсырмалардың орындалу барысымен танысты.

Премьер-министр Павлодардың пәрменімен танысты

Үкімет басшысы Павлодар аймағына жасаған жұмыс сапарын Баянауыл ауданынан бастады. Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайты хабарлады.

Баянауыл еліміздегі табиғаты талай туристің түкірігін ішке жұтқыздырып тамсандарған жауһарларының бірі. Биыл аталмыш ауданда туристік кластер құру үшін көптеген шаралар қолға алынды. Коммуналдық желі тарту жұмыстарынан бастап, тазалық пен сервис, жол мен жарықтандыру секілді келелі істер басталды, қомақты қаржы бөлінді. Қазір қысы-жазы қызмет көрсететін туристік орталыққа айналдырамыз деген жоспар төңірегінде жұмыс жүргізілуде. Аудан басында "Туған жер" жобасы аясында іске асырылатын шаруалар талқыға салынды. Кеше ғана отандық туризмді дамытуға бағытталған компания құрылатыны туралы да мәлім болды. Сондықтан да премьер-министрдің сапары Баянауыл ауданынан басталуы тегін емес. Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаевтың сапары Екібастұз ауданының Төртқұдық ауылының қасында орналасқан Бозшакөл кен-байыту комбинатында жалғасты. Атап ату керек, бұл комбинаттың құрылысы еліміздегі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған болатын.  Оның құрылысы 2012 жылы бастау алып, 2016 жылы ақпан айында алғашқы мыс концентраты өндірілген болатын. Комбинаттың жұмысы жөнінде "KAZ Minerals PLC" басқарма төрағасы Олег Новачук айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, кен шығырылатын орынның ұзындығы бір жарым шақырымды құраса, ені 500 метр. Тереңдігі 80 метр. Мұнда негізінен замануи ауыр техника жұмыс істейді. Жару жұмыстары екі аптада бір рет жүзеге асырылады екен. Аталмыш жобаны жүзеге асыруға 1500 адам жұмысқа тартылған. Оның 95 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Бозшакөл кен-байыту комбинаты толық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 100 мың тонна мыс шығару мүмкін болады. Атап өтерлігі, Бозшакөл әлемдегі мыс қоры жинақталған әлі игерілмеген ең бай кен орны болып табылады.

Премьер-министрдің ресми сайтының хабарлауы бойынша, жұмыс сапары барысында үкімет басшысы машина жасау кәсіпорындарында болып, жаңарту жұмыстарымен жете танысты. Темір жол білігін жасайтын және  доңғалақтар жұбын қалыптастыруды жүзеге асыратын "R.W.S. Wheelset" ЖШС жылына 10 мың доңғалақтар жұбы мен 32 мыңдай темір жол білігін жасап шығару қуатына ие. Модернизациялау бағдарламасы аясында бұл өнім түрлерін көбейту мақсаты тұр. Бүгінгі күні аталмыш өнімдерге отандық темір жол саласы мен вагон жасаушы кәсіпорындар тарапынан сұраныс жоғары.  Ал "Проммашкомплект" кәсіпорны болса келер жылы модернизациялау бағдарламасы аясында өндірістік қуаттылықты арттырып, темір жол көлігіне арналған доңғалақтар жасау бойынша қосымша 400 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.

Жұмыс сапары кезінде Бақытжан Әбдірұлы жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан Павлодар мұнай-химия зауытына да ат басын бұрды. Аталмыш зауытта жаңарту жұмыстары индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Зауыт директоры Шухрат Данбайдың сөзіне қарағанда, модернизациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін жоғары октанды бензин шығару көлемі 297 мың тоннаға көбейеді, сол секілді халықаралық стандарттағы авиа жанармайы да өндірілмек. Жалпы бағдарлама шеңберінде зауытта 12 технологиялық құрылғы мен 18 жалпы зауыттық нысан қайта қалпына келтірілуде. Сол секілді жыл соңына қарай зауыт К4 және К5 стандартты   дизель және авиа отын шығаруды жоспарлап отыр. Жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқасында тұтынушыларды сапалы жанармаймен қамтамасыз етіп, қоршаған ортаға келетін зиян көлемін азайтпақ. Үкімет басшысы "Павлодар" арнайы экономикалық аймақта да болып, жаңа жобалармен танысты. Экономикалық аймақ 2011 жылы құрылған, жалпы аумағы 3 мың гектардан астам. Қазіргі күні бұл аймақта алты кәсіпорын жұмыс жасауда. Олар негізінен тұрмыстық химиялық заттар, залалсыздандыру заттары, қозғалтқыш майы, агрохимиялық өнімдер секілді отандық тауар өндіретін химиялық бағыттағы кәсіпорындар. Болашақта олардың қатарына тағы да екі кәсіпорын қосалады деп күтілуде. Үстіміздегі жылы экономикалық аймаққа құйылған инвестиция көлемі 47,8 млрд теңгені құраса, соның 4,5 млрд теңгесі шетелдік салымдар.

Бақытжан Сағынтаев сапар барысында жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, аймақтағы бизнестік ортаның түлі мәселелерін ортаға салды.  Сол секілді жаңадан салынып жатқан "Сарыарқа" мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылысымен танысты. Шағын ауданда екі қабатты 159 "хрущевка" өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бой көтерген. Бұл ауданда 4200 пәтерлік 40 тоғыз қабатты үй салу жоспарланған. Қазіргі күні алты үй салынып, тұрғындар қоныстойын тойлады. Аталмыш аудандағы ескі үйлерді бұзып орнына жаңасын салу туралы бастаманың иесі  Бақытжан Сағынтаев екенін де айта кету керек. Үкімет басшысын құрылысы қыза түскен аумақтағы нысандарға коммуналдық жүйелерді тарту мәселесі қызықтырды. Және ол бұл сауалына  жобалық-сметалық құжаттамалар толықтай дайын болғаннан кейін коммуналдық желілер тартылатындығы туралы толымды жауап алды. Биыл бұл жерде тағы да бес көп қабатты тұрғын үй пайда болмақ.  

Үкімет басшысының өңірге жасаған сапары барысында Павлодардың индустриялық пәрмені зор екендігі тағы да бір дәлелденді. Дегенмен әлі де атқарар жұмыстар жетерлік. Оның барлығы алдағы күндердің еншісінде.

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу