"ПремиумТрансОйл" сот шешімімен келіспейді

3482

Компания Жоғарғы сотқа шағымданып, "Атамекеннен" көмек сұрамақшы.

"ПремиумТрансОйл" сот шешімімен келіспейді

"ПремиумТрансОйл" компаниясы мен "Көліктік сервис орталығының" даулы мәселесіне нүкте қойылды. Іс монополист компанияның пайдасына шешіліп, сот "ПремиумТрансОйлды" кінәлі деп таныды. Сәйкесінше "ПремиумТрансОйл" "Көліктік сервис орталығына" төлеуге тиісті сомасын беруге міндеттелді.

Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қалалық сотында "ПремиумТранс Ойл" АҚ-ның "Көліктік сервис орталығы" АҚ-ға қатысты талабы бойынша екінші инстанциялы сот отырысы өткен. Сотта "ПремиумТрансОйл" компаниясы мен "Көліктік сервис орталығының" арасындағы Белкөл станциясының №21 кірме жолына қатысты мәселе қаралған.

Соттың осы жолғы отырысында бұған дейінгі мәселе күн тәртібіне қойылып, жоғарыдағыдай шешім шықты.

"ПремиумТрансОйл" компаниясы біздің тарапымыздан өздеріне көрсетілген қызмет ақысын төлеген жоқ. Міндеттерін орындамай тұрып, сотқа шағымданды. Біз оларға қызмет көрсеттік, жолмен жүргіздік. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін сот шешті. Алып-қосарымыз жоқ", – деді "Көліктік сервис орталығы" АҚ президентінің кеңесшісі Есенжан Ханбай. Ал "Премиум Ойл Транс" ЖШС бас заңгері Әлімжан Низамединов сот шешіміне сараптама жасататын айтты.

"Егер, ел заңнамасының бұзылғаны анықталса, шешім бір жақты деп табылса, кассациялық инстанцияға, яғни Жоғарғы сотқа шағымданамыз және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраймыз", – деді ол.

Заңгердің сөзінше, "Премиум Ойл Транс" "Көліктік сервис орталығына" желтоқсан айында ғана көрсетілген қызмет ақысын төлемеген. Себебі олар Белкөл станциясының №21 кірме жолы монополист компанияның меншігі емес екенін анықтаған және олардың өздерінен ақы алуын заңсыз деп таныған.

Жеме-жемге келгенде арызданушы монополист компаниядан ұтылып қалды. Істің ары қарай қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу