Президент 10 күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды – Ерлан Қарин

Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы жалпыұлттық қасіретке айналды. 

Президент 10 күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды – Ерлан Қарин Фото: Конституциялық сот

Бұл туралы Вице-Президент ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ерлан Қариннің сөзінше, Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алған. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдап, олардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өз атынан көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші "Айбын" орденімен марапатталды.

Президенттің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына шұғыл жіберілді. Мемлекет басшысы қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге қажетті барлық көмек пен қолдауды көрсетуді тапсырды.

Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алғашқы кезектегі тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізілді. Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр және Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, – деді Вице-Президент. 

Ерлан Қарин Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және басқа да азаматтар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсетуге дайын екенін жазды. Оның сөзінше, қысқа мерзімде қаражат жинау ісінің жедел әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз ететін арнайы қор құрылған. 

– Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталды. Комиссияның негізгі міндеті – жиналған қайырымдылық қаражатын әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз ету. Жұртшылықтың алдағы уақытта да қабылданған барлық шара туралы уақтылы әрі ашық ақпарат алып отыруы қамтамасыз етілетін болады.

Ең бастысы, мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қабылдауда.

Президент Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрды. Қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру, – деп сөзін толықтырды Ерлан Қарин. 

Осылайша, аз ғана уақытта Мемлекет басшысы кадрлық тағайындаудан бастап әскерді түбегейлі реформалауға дейінгі барлық негізгі шешімді қабылдап отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу