Президент: 13 шілде ұлттық аза тұту күні

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасады.  

Президент: 13 шілде ұлттық аза тұту күні

Мемлекет басшысы Аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.  

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты халыққа үндеу жолдады. Мемлекет басшысы Аза тұту күнін жариялап, қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты, сонымен қатар вирусқа қарсы қосымша шаралар туралы айтты. 

"Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан адамдар саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен "әр қазақ менің жалғызым" дегендей әр адамның қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мына алапат індет арамыздан талай асылдарымызды әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын",  деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы Үндеуде елді сабырға шақырып, дүрлікпеу керегін айтты. Жалған ақпарат таратқан арам пиғылды адамдар жазаланатынын да баса айтты.

"Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды. Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Жалған ақпарат таратқан адам Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады", – деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпарат таратушылармен бірге дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарлар да жауапқа тартылатынын атап өтті. 

"Құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес алыпсатарларды жауапқа тарта бастады", – деді Президент. 

Мемлекет басшысы қазіргі жағдайды реттеуге қатысты да бірқатар маңызды ақпарат айтты. Оның негізгілерінің бірі - індет ошақтарында далалық ауруханалар жасақталуда және шілде айының соңына дейін мобильді бригадалар саны 3,5 мыңға жеткізіледі. 

"Мемлекет жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қабылдап жатыр. Алғашқы медициналық көмек қызметтері күшейтілуде. Үйде халыққа кешенді медициналық қызметтер көрсету үшін 400 мобильді бригада құрылды. Шілде айының соңына дейін олардың саны 3,5 мыңға дейін жеткізіледі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша ауруханалардағы орынын санын көбейту мәселесі де басты назарда. 

"Мен нұсқау берген сәттен бастап коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған орын саны 70%-ға артып, 43 мыңға дейін жеткізілді. Бұл жұмысқа әскери дәрігерлер де араласуда. Қарулы күштердің ресурстарының арқасында 500-ден астам орын ашылды. Індеттің қарқынды таралу ошақтарында далалық ауруханалар жасақталуда",  – деді Мемлекет басшысы. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу барысында тоқталған тағы бір мәселе зертханаларды қосымша жабдықтауға қатысты болды. 

"COVID-19 тестіне қолжетімділікті арттыру үшін жұмыс істеп түрған зертханаларды жабдықтау мақсатында қосымша 20 ПТР-сараптаушы сатып алынады. ПТР тестілеу үшін, соның ішінде ауыл тұрғындарына арналған 8 мобильді орталық құрылады. Мұның барлығы тест көлемін тәулігіне 40 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді Президент.

Сонымен қатар медицинаға қаражат бағытталып, халықты дәрі-дәрмекпен толық қамтылады.

"КВИ-ді емдеу бойынша жаңа дәрілерді тіркеу жылдамдады. Бұл шаралардың барлығы қажетті препараттарды ауруханалар мен дәріханаларға тиімді және жылдам жеткізуге ықпал етеді. Үкімет пен әкімдер жедел түрде халықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстарын жүзеге асыру керек. Стационарлардағы емделушілер үшін 30 мың дәрілік препарат сатып алынды. Ол қазіргі сұраныстан 70%-ға жоғары. Жұмыс жалғасады", – деді Президент. 

Сонымен қатар ол бөлшек сату желілеріне қажетті дәрі жеткізілгенін айтты. Оның ішінде 800 мың қаптама парацетамол бар. Апта соңына дейін тағы 900 мың қаптама жеткізіледі. Бұған қоса 150 мың қаптама антибиотик дәріханаларға жіберілген. 

"Жақын күндері дәрімен қамтамасыз ету мәселесі  толық шешіледі. Жалпы дәрілік препараттар, өкпені жасанды желдету аппараттарын алу, медицина қызметкерлерін ынталандыру және басқа да жедел шаралар үшін 150 млрд теңгеден аса қаражат бағытталады. Қаражаттың жұмсалуы ерекше бақылауда болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша коронавирусқа қарсы күресті жалғастырамыз және жеңіске жетеміз.  

"Жеңіс бізде болатынына еш күмән жоқ. Күйзеліске, немқұрайлыққа бой алдырмауымыз керек. Бүгін біз бірлігімізді әрдайым көрсетуіміз керек. Біз ешкімді қиыншылыққа қалдырмаймыз және әр қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы үшін күресеміз. Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. "Денсаулық – зор байлық" деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік",  – деген Қасым-Жомарт Тоқаев әр азаматтың амандығы үшін күресуге шақырды.

"Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін!"  – деп түйді сөзін Президент.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу