Президент: 2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды

240

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтап, 2025 жылдың ел үшін маңызды әрі нәтижелі кезең болғанын айтты. 

Президент: 2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, жұртшылық Жаңа жылды әрдайым ерекше үмітпен қарсы алады. Бұл – өткенді таразылап, болашаққа жаңа жоспар құратын сәт.

Президенттің сөзінше, 2025 жыл Қазақстан үшін мерейлі жылға айналды, ел дамудың даңғыл жолына түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Әлемдегі ахуалдың күрделілігіне қарамастан, Қазақстан экономикасы өсім көрсетті. Ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асып, алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан жоғары деңгейге жетті. Елге ауқымды инвестиция тартылып, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.

Соның ішінде "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісі пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі теміржол құрылысы. Сонымен қатар, 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Бұл қадамдар Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір арттырды.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтижелер бар. Диқандар екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, шаруаларға бұрын-соңды болмаған көлемде – 1 триллион теңге қаржылай қолдау көрсетілді.

Биыл ел бойынша жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік салада жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Сондай-ақ, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.

Президент өз сөзінде адам құқықтарын қорғау мәселесіне де тоқталды. Қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидаты нығайып, азаматтардың құқықтық сана-сезімі артып келе жатқанын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу