Президент: Адал ниетпен атқарылған әрбір іс – қадірлі, кез келген еңбек – зор құрметке лайық

132

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтап, адал еңбек пен кәсібиліктің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. 

Президент: Адал ниетпен атқарылған әрбір іс – қадірлі, кез келген еңбек – зор құрметке лайық Фото: Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы еңбек адамдарының қоғамдағы орнына тоқталып, жастарға кәсіби білім беру мен еңбек дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Бұл – қарым-қабілетімен, ақыл-парасатымен және қажырлы еңбегімен қастерлі Отанымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген түрлі мамандық иелері ұлықталатын, оларға құрмет көрсетілетін мерейлі күн", – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі заманда өз ісін жетік меңгерген кәсіби маман болу – аса маңызды талаптардың бірі. Білікті, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор және тәртіпті азаматтардың арқасында көптеген елдер, соның ішінде Қазақстан да әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан табысқа жетіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбектің жетістікке жетудегі рөліне тоқталып, адал ниетпен атқарылған әрбір істің қадірлі екенін атап өтті.

"Әлем халықтарына ортақ "Еңбек – бәрін жеңбек" нақыл сөзінің мәні зор, мағынасы терең. Табанды еңбек – жетістікке жетудің көзі. Адал ниетпен атқарылған әрбір іс – қадірлі, кез келген еңбек – зор құрметке лайық", – деді ол.

Президент Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, алда ауқымды міндеттер тұрғанын жеткізді. Оның сөзінше, Конституцияда көрініс тапқан Әділетті Қазақстан, заңға бағыну, бірлік пен ынтымақ, еңбекқорлық, ілгерілеу және табиғатқа қамқорлықпен қарау идеялары елдің тұрақты дамуына жол ашады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамда "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" атты жаңа этиканың қалыптасқанын атап өтті. Былтыр аталып өткен Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттырып, тәлімгерлік дәстүрі мен еңбек әулеттерінің маңызын нығайтуға серпін берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Әсіресе жастарға кәсіби білім беру, олардың еңбек дағдыларын жетілдіру және аға буынның өмірлік тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізу маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

"Жастары жасампаз елдің болашағы да жарқын, дамуы да қарқынды болары айқын", – деді Президент.

Мемлекет басшысы ынтымағы жарасқан, ортақ мақсат-мүддесі бар біртұтас ұлт ретінде әділдік, табиғатты аялау, заң үстемдігі, өркендеу және еңбекқорлық құндылықтары іс жүзінде орныққан ел болатынымызға сенім білдірді.

"Біз ынтымағы жарасқан, мақсат-мүддесі ортақ біртұтас ұлт ретінде әділдік, табиғатты аялау, заң үстемдігі, өркендеу құндылықтары және, ең бастысы, еңбекқорлық қасиеті іс жүзінде орныққан ел боламыз. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құттықтау соңында Президент қазақстандықтарға мықты денсаулық, амандық пен толағай табыс тілеп, еліміздің өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

"Еліміз өсіп-өркендей берсін!" – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу