Президент: Әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды

501

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, әйелдерді мерекемен құттықтады.

Президент: Әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды Фото: Ақорда

Президент бұл мейрамның қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен, көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!" – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, бұл мейрам мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны саналады.

Президент әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше екенін айтып, "Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Сондықтан әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды", – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы халқымыздың ежелден ананы ардақтап, қыз баланы құрметтегенін еске салды. Оның сөзінше, қазақ жұрты ең киелі ұғымдарға "ана" сөзін қосып, "Отан Ана", "Жер Ана", "Ана тілі" деп атаған.

Сонымен қатар, Президент төл тарихымызда ер азаматтармен бірге елдіктің туын көтерген арулар аз болмағанын айтты.

"Қыздың қырық жаны бар" деп халқымыз бекер айтпаған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ана сияқты тарихи тұлғалардың есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Оның пікірінше, бүгінгі қазақ қыздары мен әйелдері сол дара жолды лайықты жалғастырып келеді.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда нәзік жандылар түрлі жауапты салаларда еңбек етіп жүр. Мәселен, судьялардың жартысынан көбі – әйелдер. Ал төтенше жағдайлар, прокуратура, ішкі істер, қорғаныс және арнаулы қызмет салаларында 45 мыңнан астам әйел қызмет етеді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жақында Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысында Қазақстанның "Томирис" құрамасы қыздар арасында үздік атанғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл жеңіс қазақ қыздарының қайсарлығы мен батылдығын көрсетеді.

"Бұл – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан батыр қыздарға тән қасиет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу