Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді" деген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аналарға айрықша жауапкершілік жүктелгеніне тоқталды.
"Қымбатты ханымдар, Сіздер, әлемге әдемілік пен үйлесім, шаңыраққа жылылық пен жайлылық сыйлап келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ілгерілету секілді айрықша жауапкершілік жүктелген. Барлық салада адал еңбек етіп, табанды да тиімді жұмыстарыңызбен мемлекетіміздің әлеуеті мен беделін нығайтып жүрсіздер. Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды", – деді Президент.