Президент әскерге шақырылушылар қатарын азайтпақ

6625

Алдағы жаңа жылда қанша қазақстандық әскерге шақырылатыны анықталды. 

Президент әскерге шақырылушылар қатарын азайтпақ

Осы орайда Президент, Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан азаматтарын 2020 жылдың наурыз–маусымында және қыркүйек–желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" жарлығы жобасының егжей-тегжейі жария етілді.

Құжатқа сәйкес, келесі жылы барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне әскерге шақыру комиссияларының жұмысын қамтамасыз ету жүктеледі.

Әскерге әкету әдеттегідей екі кезеңмен жүреді.

Тұтастай алғанда, 2020 жылдың наурыз–маусымында және қыркүйек–желтоқсанында 18 және 27 жасқа дейінгі, әскерден босатылуға құқығы жоқ 33 мың 974 ер-азамат әскерге алынады.

Ішкі істер министрлігі осы кезеңде полиция қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін ұйымдастыруға міндеттеледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болса, әскери  борышын өтеп, үйлеріне қайтатын солдаттарды тасымалдауды қамтамасыз етуге жұмылдырылады.

Үйлеріне жеткізілуге тиіс жауынгерлер тек ұлттық армиядан ғана емес, сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты құрылымдардан да лек-лекпен ағылады. Олардың орнын жаңа келушілер басады.

Осынша үлкен көлемдегі "жолаушылар тасымалын" табысты жүзеге асыру үшін бұл іске бизнесмендер – тасымал қызметімен айналысатын компаниялар, автобус парктері тартылады.

Сондықтан Үкімет басшысы Асқар Мамин Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне әскерге шақырылған азаматтарды және одан босатылған әскери қызметшілерді тасымалдау шығыстарын кәсіпкерлер ұсынған есепшоттар бойынша республикалық бюджеттен төлеуді жүктеді.

Айта кету керек, бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғарғы бас қолбасшы ретіндегі қазақстандықтарды алғаш рет әскерге шақыруы болмақ. Бұдан бұрын, биылғы әскери шақыруды бекіткен 2019 жылғы 13 ақпандағы Президент жарлығына сол кездегі Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын.

Бұл ретте Қ.Тоқаев Жарлығына сәйкес алдағы жылы әскерге шақырылатындар саны азайтылмақ. Мәселен, Елбасы жарлығы бойынша ұлттық армия қатары бірден 34 мың 418 жауынгермен толыққан болатын.

Демек, 2020 жылы Қазақстан әскері 444 солдатқа кемиді. Яғни, тұтас бір батальонға азаяды.

Осы аптада Сенат төрағасы Дариға Назарбаева еліміздегі жемқор органдардың "ондығына" военкоматтарды жатқызған болатын.

Қалай болғанда, қазіргі кезде военкоматтарға әскерге шақырылған ондаған мың жігіттің барлығын бірдей таңдамау құқығы берілген. Себебі, Қазақстан қарулы күштері 70%-ға контрактниктерден қалыптастырылады. "Мерзімді әскери қызметтегі" солдаттар саны азшылық.

Жаңа жауынгерлердің денсаулығы, отбасылық жағдайы және білім деңгейі басымдық болып табылады.

Әскерге шақырылушылар келесі жылы 300 сұрақтан тұратын психологиялық тест тапсырады. Оның нәтижесінде, үміткердің моральдық және психологиялық бейнесі түзіледі. Тесттен өте алмағанда да әскерге алынбауы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу