Президент: Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер!

1247

Төрткүл дүние назары елордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде. 

Президент: Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер! Фото: aqorda.kz

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер! Ең алдымен, бауырым Реджеп Тайип Ердоған мырзаға және барша түрік ағайындарға Түркияның 100 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Анадолының ғасырлық шежіресі биік белеске, зор жетістікке толы. Ұлы тұлғаларының арқасында бүгінде Түркия бүкіл әлемге ықпалы бар қуатты мемлекетке айналды", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті және Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтады.

"Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты. Сонымен қатар, Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан Президенті, құрметті Шавкат Миромонович Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғысымды айтамын", - деді Мемлекет басшысы.

Ол Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналғанын баса айтты. "Түркі әлемінің келешегі – 2040" атты құжат бекітілді, деп жалғастырды ол.

"Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, мерейтойлық саммитке ұйымға мүше елдердің басшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып жатыр. Бұдан бөлек бақылаушы мемлекеттердің өкілдері – Түрікменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу