Президент: Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшырап жатқан кәсіпкерлерден өтініштер әлі де түсіп жатқанын айтты.

Президент: Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс Фото: ЖИ

Сондықтан, бұл бағытта жедел шаралар қабылдау қажеттігін еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.

Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек.

Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз.

Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз.

Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас, – деді Мемлекет басшысы. 

Сол себепті, Президент "кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет" деп есептейді. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында да жүргізуге болатынына назар аударды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу