Президент бизнесте табысқа жетудің құпиясын ашты

4685

Елбасы ешқашан президент боламын деп ойламағанын айтты.

Президент бизнесте табысқа жетудің құпиясын ашты

Бұл мәлімдемені Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы "Қазмедиаорталығында" өткен "Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасына қатысушылармен кездесуі кезінде жасады.

Кездесуде мемлекет басшысы өзі бастамашы болған осы жобаның екінші кезеңіне қатысушылардың жетістіктерімен танысты. 

Өз сөзінде елбасы жастарды ешқашан дипломның көптігімен мақтанбауға шақырды.

"Маған бір адам келіп, өзінде төрт диплом бар екенін айтты. Егер адам бір дипломмен түк жасай алмаса, оған төрт бірдей диплом не үшін керек? Сонымен де мақтануға бола ма?! Сендер менің өмірбаянымды білесіңдер. Қарапайым шаруаның баласымын. Әкем де, шешем де ешқашан мектепте оқымаған, сауатсыз. Ол заманда Қазақстанда мұндай кісілер көп болатын. Соғыстан кейінгі жылдары бар жерде жоқшылық жайлады. Қарнымыз үнемі аш жүреді. Оңтүстікте тұратындықтан, жаз келгенде алма, қызанақтар құтқаратын. Бәлкім, денсаулығымның мықты болғаны да сол ашқұрсақ жүргенімнің нәтижесі шығар. 5-6 адамның екі бөлмелі саман үйде ұйлыққанына қарап, мен мектепті медальға бітірген соң, ата-анама қолғабыс жасайын деп металлург болып, жұмыс жасай бастадым. Яғни, шаруаның қатарынан шықтым, болат құю саласына кеттім. Ешқашан "Президент болам" деп ойлаған жоқпын. Бірақ қолда бар жұмысты адал атқаруға тырыстым", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол өз жұмысын жақсы атқарғандықтан құрметке бөленгенін, мансапта жоғарылағанын, 19 жаста өндіріс озығына айналғанын еске түсірді. Сондықтан комбинат оны өз қаражатына Қарағанды политехникалық университетіне оқуға жібергенін, 20 жасында Хельсинкидегі бүкіләлемдік жастар мен студенттердің фестиваліне делегат ретінде аттанғанын жеткізді.

"Жұртшылық алдында сөз сөйлеуге, кездесулер өткізуге үйрендім. Осылайша, кездейсоқ саясатқа келдім. Енді міне, қараңыздар, президент болып отырмын!" – деді елбасы.

Ол жастарды кең ауқымда армандауға және оны өмір шынайылығына айналдыруға күш салуға шақырды.

"Мен әрдайым қайталаудан жалықпаймын: адамның мүмкіндігінің шегі жоқ. Барлығы да мүмкін. Microsoft пен Apple негізін қалаушылар небары 19-20 жаста болған. Кеңселері жоқ, қайдағы бір гараждарда құрастырып, кейін әлемдегі ең бай адамдарға айналды. Байлығын айтпағанның өзінде, олар әлемді өзгертті. Адамзаттың беталысын басқа жаққа бұрып жіберді", – деп, Нұрсұлтан Назарбаев жастарды өз ісін, төл бизнесін жүргізуге үндеді.

Оның айтуынша, жастар тым құрығанда клинингтік бизнеспен айналыса алады. Бұл кәсіпкерлік түріне пәтерлер мен кеңселік орынжайларды жинастырып, тазарту, терезелер мен дүкен витриналарын жуу, ғимараттардың қасбеттерін тазалау, тұрмыстық қоқысты сыртқа әкету секілді қызметтер жататыны мәлім.  

"Жастарға айтамын: пәтерлерді жинап, тазалау ісі неге ұят болуға тиіс? Жұмыссыз бос сенделіп, бақытсыз болу ұят. Қазір әйелдерге жұмыс толып тұрғанда, қыздарға өз тәндерін саудалау – ұят! Жұмыс көп қой. Бүгінде бала күтушіні немесе пәтер жинаушыны тауып, шақыруға мүмкіндік беретін сервистер Қазақстанда да бар. Кез келген қалаған нәрсеге қол жеткізуге болады. Кеннедидің отбасында 4 ұлы болған, содан ата-анасы күнде таңертең, таңғы ас алдында олардың құлағына құяды екен: жүргізуші, тракторист, көше сыпырушы, қандай мамандықты таңдайтындарың маңызды емес, ең бастысы – сол салада кәсіптің биігіне көтерілу. Адам өз өмірінде ең болмағанда, бір істі соңына дейін жеткізуі керек. Барлық кәсіпке бірдей жармасатын болсаңдар, түк шықпайды", – деді мемлекет басшысы.

Қазір мысалға, елорданың өзінде қоғамдық тамақтану орындарынан – асхана, дәмхана, мейрамханалардан аяқ алып жүре алмайсың. Бірақ арасында ұсынатын тамағының дәмі тіл үйіріп, клиенттерін қайта-қайта оралуға мәжбүрлейтін озықтары аз. Өйткені сондай кәсіби биікке көтерілген аспаздар тапшы.

"Кәсіп түрін, мамандықты таңдаған екенсің, сол салада, айталық, тамақтандыру саласында осы қаладағы ең үздік аспазға, не болмаса, қаладағы ең үздік шаштаразға, ең үздік тігіншіге айналуға жан сал. Дәл осы адамдар үш университет бітіргендерге қарағанда әлдеқайда жақсы өмір сүреді", – деді президент.

Елбасы табысқа қалай жетуге болатыны жөнінде кеңес берді. Оның айтуынша, табыс тұрақты еңбек арқасында туады.

"Табыс тұрақты жұмыстың арқасында қол жеткізіледі. Қолға алдың, әрі-бері ырғадың, шаршадың, тастадың – бұлай ештеңе де жасалмайды ғой, солай емес пе? Арманға қарай қозғалыс тоқтаусыз жүруі керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу кезінде жас кәсіпкер мемлекет басшысына пәтер тазалаудан холдинг құруға дейін қалай өскенін айтып берді. Талдықорғандық 34 жасар кәсіпкер Ларион Лян өз ісін клинингтік қызметтер көрсетуден бастапты.

"Мен IC компаниясы тобының негізін қалаушымын. Бүгінде біздің холдинг бизнестің 12 бағытын игеруде. 17 өңірді, 350-ден астам корпоративтік клиентті қамтып отырмыз. 6 мыңдай жұмыс орнын құрдық. Бірақ әу бастан бәрі үйлесіп кете қойған жоқ. Мен қиын бала болып табылатынмын. Орта мектептегі 11 сыныпты бітіру үшін он мектепті ауыстыруға тура келді. Салдарынан, ақырында жоғарғы білім ала алмай қалдым. Ал болашақ жарыма қосылу үшін рұқсат сұрай келгенімде, оның анасы "Мына түріңмен отбасыңды асырай аласың ба?" ашық сұрады. Дәл осы сөздер мені жұмыс істеуге итермеледі", – деді Ларион Лян.

Ол алғашында орайы келген кез келген жұмысты қолға алғанын, соның ішінде 2 мың теңге үшін үй жинап, тазалағанын еске алды.

"Барлығын сапалы әрі адал жасағанымыздың арқасында біз ірі банктен оның барлық өңірлердегі филиалдарының кеңселеріне тазалау қызметін көрсету бойынша өте үлкен тапсырыс алдық. Алайда ол кезде біздің қолымызда оған қажетті құралдар да, адамдар да, ештеңе де жоқ еді. Сонымен бірге біз өзімізге берілген мүмкіндіктен де бас тарта алмадық. Сөйтіп, команда болып, жиналып, әртүрлі өңірлерде тұрып жатқан жолдас-жораларымызға, туыстарымызға қоңырау шалдық, жұмысқа шақырдық, іске кірістік. Кейіндері біз бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ ең үлкен кір жуу цехын аштық. Мен өз өмірімде әртүрлі қиындықтарды бастан кештім. Олардың арқасында шынықтым. Барлығыңызды қиындықтан қорықпауға, бизнесті бастауға шақырамын. Бүгінде біздің холдинг жас кәсіпкерлерді қолдауда. 2018 жылы 8 стартапты түздік. Отандық шағын және орта бизнестің келешегі де солардың қолында екеніне сенімдіміз", – дейді жас бизнесмен.

Кездесуде "Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасы аясында өз ісінде жетістікке жеткен қазақстандықтардың жаңа тобын анықтау ісі жалғасатыны мәлім болды. Бұл жайында президент Нұрсұлтан Назарбаев жария етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу