Президент: Еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті

134

Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш.

Президент: Еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша.

Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.

Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. "Қуатты аймақтар – қуатты ел" қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек", – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс екенін атап өтті.

"Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш.

Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады.

Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр.

Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін.

Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек", – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу