Президент: Этникалық шиеленістер этникалық анклавтардың пайда болуынан туады

1558

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кез келген этникалық кемсітушілік пен менсінбеушілік көрінісінің жолы "қатаң түрде кесілуі керек" деп мәлімдеді.

Президент: Этникалық шиеленістер этникалық анклавтардың пайда болуынан туады Фото: akorda.kz

"Қоғамдық тәртіпті, тұтастай алғанда ішкі тұрақтылықты бәсеңдету әрекеттерінің жолын заңға сәйкес қатаң түрде кесу керек", – деді Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Оның айтуы бойынша, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – әлеуметтік, криминалдық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу болуы керек. Барлық деңгейдегі әкімдіктер азаматтардың этникалық немесе тілдік негіздегі құқықтарының бұзылуына байланысты алдын алу және ақпараттық жұмыстар жүргізуі қажет. 

"Тәжірибе көрсеткендей, біздің жағдайда этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді. Ассамблея осы бағыттағы негізгі органға айналуға тиіс деп санаймын. Біздің бірлігімізге сырттан және іштен зиян келтіруді көздейтін адамдарға, әр түрлі авантюристерге, жауапсыз және біліксіз саясаткерлер мен сарапшыларға бармау маңызды. "Ит үреді – керуен көшеді" деген ескі мақал бар. Монолитті, біртұтас қоғам ретінде біз өзімізге сенімдіміз, өйткені біздің ісіміз дұрыс. Бұл біздің әрекетсіздігімізді білдірмейді. Біз қоғам мен мемлекетімізге қарсы түрлі арандатуларға тойтарыс беріп, құқықтық құралдармен, ақпараттық құралдармен күресуіміз керек", – деді Тоқаев.

Оның айтуы бойынша, этностардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануы – этникалық анклавтардың пайда болуына және мәдени, тілдік кедергілерге әкеліп соғады. Бұдан кейін этносаралық шиеленістің өсуі және қақтығыстар орын алуы мүмкін.

"Әлемдегі түрлі теріс жағдайларды ескере отырып, еліміздің ауылдық жерлері мен қалаларында тұйық этностық аудандар пайда болуының теріс үрдісін еңсеру үшін жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Бірқатар өңірде этникалық топтардың өкілдері қазақстандық болмыстан алыстаған кезде ішкі көші-қон феномені де байқалады. Мұндай үрдіс қазақстандық этностардың толыққанды интеграциясына кедергі келтіруі мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.

Ол "мұндай проблемаларды айтпай кетуге болмайды, өйткені бұл өте жағымсыз нәтижелерге әкелуі мүмкін" деді. Мұндай жағдайда Қазақстан "туындайтын мәселелердің күрделілігін шынайы бағалай алмай қалуы мүмкін". 

Тоқаев Өңірлерді дамыту проблемаларын, ерекше маңыздылықты ескере отырып, этнодемографиялық саладағы үйлесімділікке қол жеткізу тұрғысынан қарау керек деп санайды. Адам әлеуетінің сапасын арттыру да осыған байланысты.

"Мемлекет этностардың әлеуметтік-экономикалық интеграциясы саясатын мақсатты түрде жүргізіп, олардың жанжалға айналуына жол бермеу үшін осы негіздегі кез келген егестің жолын кесетін болады. Сонымен қатар біз мұндай қақтығыстар зиянды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Міне, осындай арандатушылармен біз күресеміз және оларға аяу жоқ", – деді Президент.

Жиынға қатысқан "Жанубий Қозоғистон" газетінің бас редакторы, өзбек этносының өкілі Алишер Сатыбалдиев Қазақстандағы өзбек жастары республиканың кез келген аймағына көшуге дайын екенін жеткізді.

"Өзбек жастары тек оңтүстікте тұрақтамай, өзге өңірлерде білім алып, мамандық иесі атануына барлық жағдай жасалған. Әсіресе, "Еңбек", "Серпін" бағдарламалары аясында. Осы сәтті пайдалана отырып, аға буыннан ақ бата беріп, жастарды өзге өңілерге жіберуді сұрар едім. Ал жастардан еш нәрседен іркілмей, өзге аймақтарға батыл қадаммен баруды сұраймын. Президент оңтүстіктен солтүстікке халықты көшіруге бөлінетін жәрдемақы мәселесін қайта қарауды тапсырғаны белгілі. Бұл көшуді жандандыратын шаралар. Осы орайда бізге қай өңірде қандай бос жер бар екені және онда қанша отбасын қабылдай алатыны туралы ақпарат алу маңызды. Содан кейін процесс жүреді", – деді ол.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу