Президент Азия чемпионатының жеңімпаз және жүлдегер балуандарын құттықтады

791

Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін көтере беретініне сенім білдірді.

Президент Азия чемпионатының жеңімпаз және жүлдегер балуандарын құттықтады Фото: aqorda.kz

Сәуірдің 9-ы мен 14-і аралығында Астанада күрес түрлерінен өткен Азия чемпионаты өтті. Қазақстан турнирді жеті алтынмен аяқтады, оның төртеуін еркін күрес палуандары иеленді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жетістіктерімен құттықтады.

"Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Боз кілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі", – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Айта кетейік, Жақсылық Үшкемпіров атындағы елордалық жекпе-жек сарайында күрестің үш түрі – грек-рим, әйелдер және еркін күрестен өткен Азия чемпионатында біздің спортшылар тамаша нәтиже көрсетті. Осылайша еркін күрестен Қазақстан құрамасы Моңғолия (1-1-3) мен Қырғызстанды (1-1-2) басып озып, жалпыкомандалық есепте (4-2-1) бірінші орынды иеленді. Еркін күресшілер арасында Азамат Дәулетбеков (86 келіге дейін), Дархан Есенғали (74 келіге дейін), Болат Сақаев (79 келіге дейін) және Санжар Досжанов (70 келіге дейін) жоғары деңгейдегі медальді жеңіп алды. Сондай-ақ бірінші орынды грек-рим күресінен Ибрагим Магомадов (72-ге дейін) иеленді. Әйелдер арасында алтын медальды Эльмира Сыздықова (76-ға дейін) мен Жәмилә Бақбергенова (72-ге дейін) еншіледі.

Сонымен қатар Ерлан Сәдуақасұлы Қожасбай еркін күрестен Азия Чемпиондарына сыйақы тарту етпекші.

"Спортшыларды қолдау үшін Ерлан Сәдуақасұлы Қожасбай әрқайсысына өз атынан 1 000 000 теңгеден сыйлық бермекші. Спортшыларды жеңістерімен құттықтаймыз және спорттық Олимптың жаңа белестерін бағындыруға тілектеспіз!" - деп жазды kazakhstan_wrestling әлеуметтік желідегі парақшасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу