Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында жаһандану дәуіріндегі ауылдардың маңызы туралы ой қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қуатты аймақтар – қуатты ел" деген сөз. Біз осы қағидаға сай жұмыс істеуіміз керек. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Осы орайда мен баршаңызға үндеу тастағым келеді. Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент туған жеріне қамқор болып жүрген аграрлық сала өкілдерінің еңбегіне ерекше тоқталды.
"Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында ауылдарды қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
"Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін 140-тан астам нысан салынған. Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілген.
"Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет. Бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр менің тапсырмаммен қайта құрылды. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам", – деді Мемлекет басшысы.