Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысы жұртшылығымен кездесуі барысында елдегі инфляция мәселесіне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Азық-түлік бағасының қымбаттауына көбіне делдалдар ықпал етіп отыр. Жасыратыны жоқ өнімдер сөрелерге жеткізілер алдында бірнеше бағалау сатысынан өтеді. Сондықтан жеткізу тізбегінен делдалдарды алып тастап, ауылшаруашылық өнімдерін өткізу тізбегін құру өте маңызды. Бұл мәселе бойынша бұрын да талқылаулар мен нұсқаулар болған", – деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан ол делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі аймақтық комиссиялар алыпсатарлықты, сөз байласуды және заңсыз сауда үстемелерін анықтау бойынша күш-жігерін арттыруды тапсырды.
"Бағалар бұйрықпен реттелмейді, бірақ әкімдер сатушылармен жұмыс істей алады және жұмыс істеуі тиіс. Үкімет барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін тиімді және уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл іргелі мәселе менің жеке бақылауымда болады", – деді Президент.