Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдады. Енді ол елді алдағы президент сайлауына дейін басқарады. Ал президент сайлауы 2020 жылы өтеді деп күтілуде.
Ант беру рәсіміне Мәжіліс пен Сенат депутаттары, Үкімет мүшелері және Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Ең алдымен ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми сөз алды.
"Құрметті депутаттар мен шақырылғандар! Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің конституциялық құқығын және тарихи миссиясын толықтай іске асырып, Қазақстан Республикасының президенті өкілеттігін өз еркімен тоқтатты. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының өкілеттілігі қалған мерзімге Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көшеді. Қазақстан Республикасы Конститутциясының 42-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының президенті Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап қызметіне кіріседі", – деді Қайрат Мәми.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде ант қабылдады.
"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыдан соң Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабына сәйкес, Президент куәлігін, омырауға тағатын белгісін, байрағын және "Алтын Қыран" орденін тапсырды.
Фархат Әміренов